Президент тапсырмасы: Ордабасыда құс шаруашылығын дамытуға бағытталған халықаралық жоба жүзеге асуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық саланы ел экономикасының стратегиялық тіректерінің бірі ретінде атап, агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыруды жүйелі түрде жалғастыру қажет екенін үнемі айтып келеді. Президент бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде де нақты міндеттер жүктеді.
Президенттің айтуынша, бұл бағытта елімізде жалпы қуаты жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, сондай-ақ жылына 850 миллион дана жұмыртқа шығаратын 11 құс фабрикасын пайдалануға беру көзделген. Мемлекет басшысы жүктеген осы міндеттер өңірлерде нақты істер арқылы жүзеге асуда. Мәселен, бүгінде Ордабасы ауданы Төрткөл ауылдық округінде орналасқан «ТӨРТКҮЛ-ҚҰС» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде құс шаруашылығын дамытуға бағытталған, халықаралық маңызы бар ірі жоба іске асырылуда. Бұл жоба өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, шетелдік озық тәжірибені жергілікті өндіріс үдерісіне енгізуге мүмкіндік беріп отыр.
Жоба аясында Senior Experten Service (SES) халықаралық бағдарламасы арқылы Германиядан жоғары білікті аграрлық сарапшы арнайы шақырылды. Бұл жергілікті кәсіпкерлер үшін әлемдік деңгейдегі тәжірибені тікелей өндіріс орнында меңгеруге жол ашатын маңызды бастама саналады.
Аталған халықаралық жобаны жүзеге асыруда «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы шешуші рөл атқарды. Орталық тарапынан SES халықаралық ұйымымен байланыс орнату, қажетті құжаттарды рәсімдеу, шетелдік сарапшыны тарту және жобаны үйлестіру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілген.
Осыған орай, «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының басшысы Берік Кенжебаев өндіріс орнына арнайы барып, жобаның барысымен және халықаралық сарапшының жұмысымен танысты. Кездесу барысында ол мұндай бастамалардың өңір кәсіпкерлері үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, Ордабасы ауданы ғана емес, Түркістан облысының барлық аудандарындағы кәсіпкерлерге бизнес бастау, өндірісті кеңейту және халықаралық бағдарламаларға қатысу бағытында жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, «ТӨРТКҮЛ-ҚҰС» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 2023 жылдан бері бройлер тауықтарын өсіру, өндіру және қайта өңдеу бағытында тұрақты жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда кәсіпорында 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс үдерісі толықтай жергілікті шикізатқа негізделген. Кооператив COBB-500 тұқымды тәуліктік балапандарды пайдаланып, құстарды отандық жем-шөппен азықтандырады.
Кәсіпорын басшылығы SES бағдарламасы аясында халықаралық сарапшының тәжірибесін пайдалана отырып, бірқатар стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, тәуліктік балапандардың өміршеңдігін арттыру, 100 пайыз қалдықсыз өндіріс жүйесін енгізу, яғни құс етінен бөлек қауырсын, көң және ішкі ағзаларды толық өңдеу арқылы қосымша өнім көздерін қалыптастыру көзделген. Сонымен қатар, жылдық өндіріс көлемін 800 тоннаға дейін арттыру, өнімнің өзіндік құнын төмендету және алдағы уақытта экспорттық нарықтарға шығу негізгі мақсаттардың қатарында.
Германиядан келген халықаралық аграрлық сарапшы Эберхард Вестхаузер кәсіпорын басшылығымен алғашқы жұмыс кездесулерін өткізіп, өндірістік үдерістермен жан-жақты танысты. Неміс маманы Түркістан өңірінде екі апта бойы жұмыс істеп, құс шаруашылығын дамыту бағытындағы кәсіби тәжірибесімен бөліседі.
Эберхард Вестхаузер – аграрлық ғылымдар саласында мол тәжірибесі бар, мал және құс шаруашылығы бойынша халықаралық деңгейде танылған сарапшы. Ол ірі қара, шошқа, ешкі және бройлер тауықтарын өсіру мен азықтандыру саласында терең білімге ие. Бұған дейін Кения, Танзания, Косово, Молдова және Уганда елдерінде SES бағдарламасы аясында 17-ден астам халықаралық жобада жұмыс істеп, фермерлерді оқыту мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өндірістік тиімділігін арттыруға елеулі үлес қосқан.
Жалпы алғанда, мұндай бастамалар өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, облысымызды отандық әрі халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін ірі орталыққа айналдыруға серпін беретіні сөзсіз.
