Президент тапсырмасы: Түлкібаста туризмді дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласын экономиканың қарқынды дамуына серпін беретін, сонымен қатар инвесторлар үшін тартымды бағыттардың бірі ретінде үнемі атап өтіп келеді. Президент елдің географиялық тұрғыдан қолайлы орналасқанын, табиғатының алуан түрлі екенін, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрасы бар екенін айта отырып, соған қарамастан туризм саласындағы әлеуеттің әлі де толық пайдаланылмай отырғанына назар аударған болатын. Осыған байланысты Мемлекет басшысы туризмді дамытудың бірқатар басым бағыттарын айқындап, ең алдымен саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру қажет екенін ерекше атап өтті.
Президенттің айтуынша, туризм саласына инвестор тарту үшін ашық әрі тұрақты жағдай қалыптастыру маңызды. «Үкімет пен өңірлердің әкімдері курорттық аймақтар құрылысының Бас жоспарын цифрлық нұсқаға көшіруге кірісіп, оған ашық қолжетімділікті қамтамасыз еткені жөн. Әлеуетті инвестордың бос жер телімдері туралы маңызды ақпарат алуға мүмкіндігі болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл тапсырмалар бүгінде өңірлерде нақты жобалар арқылы жүзеге асырыла бастады.
Айталық, Түлкібас ауданында туризм саласын дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа туристік нысандарды қалыптастыруға басымдық берілуде. Ауданның табиғи-климаттық ерекшеліктері, таулы-орманды алқаптары мен таза экологиясы туристік жобаларды іске асыруға қолайлы мүмкіндік туғызады. Соның бір дәлелі – Иірсу елді мекені маңынан әлемдік деңгейдегі экологиялық-этнографиялық демалыс аймағын құру жөніндегі ауқымды жоба.
Жақында Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев жауапты орынбасары және сала мамандарымен бірге «Kazakhstan Silk Road International Holdings Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы Чан Минг мырза мен Ли Хиаонг ханым бастаған шетелдік инвесторлармен кездесіп, аталмыш жобаның негізгі тұстарын жан-жақты талқылады. Кездесу барысында туристік аймақты дамытуға қажетті инфрақұрылым тарту, инженерлік желілерді жүргізу және жобаны кезең-кезеңімен іске асыру мәселелері пысықталды.
Маңызды басқосуда тараптар жобаның алғашқы кезеңін жүзеге асыру барысын нақтылап, құрылыс жұмыстарын бастау мерзімдерін айқындады. Инвестор Чан Минг мырзаның айтуынша, жобаға жауапты мамандар есеп-қисап жұмыстарын толық жетілдіру мақсатында қазіргі таңда белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Жалпы жоба аясындағы алғашқы кезеңнің құрылыс жұмыстарын наурыз айында бастау жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңге шамамен 7 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция бағытталады деп күтілуде. Егер жұмыстар бекітілген жоспарға сай жүзеге асса, ағымдағы жылдың маусым–шілде айларында, яғни туристік маусым қызған кезеңде демалыс аймағы сынақ режимінде алғашқы қонақтарды қабылдай бастайды. Бұл – Түлкібас ауданының туризм саласындағы жаңа белеске шығуына мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Аудан әкімі Асқар Естібаев инвесторлармен жобаның барлық негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі талқылап болған соң, аудан әкімдігі тарапынан нақты қадамдық жоспар бекітіліп, сол жоспар аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын атап өтті. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы билік тарапынан жобаны жүзеге асыруға қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Айта кетерлігі, Иірсу елді мекенінің маңынан бой көтеретін туристік аймақ аясында бірқатар заманауи әрі ұлттық нақыштағы нысандар салу көзделген. Мәселен, шатқал үстінен көрініс тамашалауға арналған арнайы көру алаңы, 4 жұлдызды қонақ үй, киіз үйлер қалашығы мен глэмпинг аймағы, атпен және жаяу серуендеуге арналған бағыттар, ұлттық ойындар алаңы, фотозоналар мен гүлді ландшафттар қарастырылған. Бұл нысандар туристерге табиғатпен үйлескен демалысты ғана емес, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін тереңірек танып-білуге мүмкіндік береді.
Қорытындылай келгенде айтарымыз, Түлкібас ауданында қолға алынған бұл жоба Мемлекет басшысы айқындаған туризм саласын инвестициялық тұрғыда дамыту, жаңа туристік орталықтар қалыптастыру және өңір экономикасына серпін беру жөніндегі стратегиялық бағыттармен толық үндеседі. Алдағы уақытта осындай ірі жобалардың жүзеге асуы ауданның туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті халықтың әл-ауқатының жақсаруына және өңірдің халықаралық деңгейде танылуына жол ашары сөзсіз.
