Президент тапсырмасы: Биыл Жетісайда 19 жоба іске асырылып, 140 жаңа жұмыс орыны ашылады

Жетісай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту – аудан әкімдігінің басты басымдықтарының бірі. Осы мақсатта Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен 2026 жылға арналған Өңірлік жұмыспен қамту картасының жоспарына арналған маңызды жиын өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті сала басшылары, сондай-ақ аудандық «Мансап» орталығының директоры Олжас Қаныбеков қатысты. Кездесу барысында Олжас Қаныбеков алдағы іске асырылатын жобалар мен құрылатын жаңа жұмыс орындары туралы жан-жақты баяндама жасап, өңірлік жоспарлардың негізгі бағыттарын таныстырды.

Баяндамашының мәліметінше, «2024–2029 жылдарға арналған жұмыспен қамтуды дамыту тұжырымдамасы» аясында 2026 жылға арналған Өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілген. Ұлттық жобалар шеңберінде барлығы 19 жоба іске асырылады деп жоспарланып, 140 азамат жаңа жұмыс орындарымен қамтылатын болады. Оның ішінде 7 инвестициялық жоба арқылы 64 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылатын болады.

Ауданның инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған жобалардың ішінде өндірістік және әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындар ерекше орын алады. Мысалы, ПВХ құбырларын өндіретін «Altyn Kun Group» ЖШС-і, «Бірлік-Е» мақта және шикі мақтаны өңдеу зауыты, «TST Jetysai Textile» жіп иіру фабрикасы, сондай-ақ тамшылатып суғару жүйелерін шығаратын кәсіпорындар іске қосылады. Бұл жобалар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып қана қоймай, өңірдің агроөнеркәсіптік саласын дамытуға да серпін береді. Сонымен қатар, жеке инвесторлар есебінен салынатын мектептер мен ойын-сауық орталықтары да жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етеді.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде 9 жоба жүзеге асырылып, 56 жаңа жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда, Жетісай ауданының бірқатар елді мекенінде электр желілерін салу, газ құбырларын жүргізу, кәріз жүйелерін кеңейту және Жетісай қаласында жаңа буынды дамыту орталығын салу жоспарланған. Бұл жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік жағдайды жақсартуға және аудандағы инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Ауылдық аумақтарды дамытуға да ерекше назар аударылуда. Асықата кентіндегі индустриялық аймақты электр және газбен жабдықтау, Жылы су ауылдық округінде мәдениет үйі мен кітапхана ғимаратын салу жобалары жүзеге асырылуда. Осы жобалар нәтижесінде 20 азамат жаңа жұмыс орындарына орналастырылады.

Орайы келгенде айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек және жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөліп, сапалы жұмыс орындарын құрудың маңыздылығын әр кез айтып келеді. Сонымен қатар, Президент: «Біздегі құрылып жатқан жұмыс орындарының көбі қысқа мерзімге бейімделген. Мұндай әдіспен халықты тиімді жұмыспен қамтамасыз ету мүмкін емес, еңбек нарығын уақытша ғана тұрақтандырады. Сондықтан, біз ең алдымен маман жетіспейтін өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм, қызмет көрсету, ақпараттық технологиялар салаларында тұрақты жұмыс орындарын ашуымыз қажет», – деген болатын.

Жиын соңында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жұмыспен қамтуды арттыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап, жауапты сала басшыларына барлық жобаларды мерзімінде, сапалы орындауды және ашылатын жұмыс орындарының тұрақтылығына ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Жетісай ауданында өңірлік жұмыспен қамту тек жаңа жұмыс орындарын ашуға ғана емес, сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын тұрақтандыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді шара болып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *