Жолдау жүктеген міндет: Сарыағашта құны 800 млн теңгелік күнбағыс майын өндіру цехы іске қосылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің алдағы жылдардағы стратегиялық даму бағыты айқындалып, кәсіпкерлікті қолдауға ерекше басымдық берілді. Жолдауда айтылған бастамалар бизнес ортаның тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, жаңа өндірістер ашуға және өңірлік экономиканы дамытуға тың серпін беретіні анық.

Президент өз сөзінде ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күші шағын және орта бизнес екенін атап өтті. Осыған орай, әкімшілік кедергілерді азайту, мемлекеттік органдардың қызметін «бизнеске қызмет көрсету» қағидасына көшіру міндеті қойылды. Бұл қадам кәсіпкерлер үшін түсінікті әрі ашық ережелер қалыптастырып, олардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексі бизнестің мүддесін қорғауға бағытталатынын, салықтық бақылауды толық цифрландыру және есептілік нысандарын 30 пайызға қысқарту қажеттігін айтты. Бұл кәсіпкерлерге түсетін жүктемені азайтып, экономикалық ортада ашықтық пен болжамдылықты қамтамасыз ететін маңызды реформа болмақ. Экономикадағы мемлекеттік сектор үлесін қысқарту арқылы жекеменшік бизнестің дамуына кең мүмкіндік беріліп, әділ бәсекелестік қалыптастыру көзделуде.

Президент агроөнеркәсіп саласына да ерекше тоқталып, вертикалды интеграцияланған агроөндіріс тәжірибесін кеңінен енгізудің маңыздылығын атап өтті. Мұндай кәсіпорындар заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып, өнімділікті арттырып, толық өндірістік циклды қамтиды. Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі ғана емес, экспорттық әлеуеттің де маңызды бағыты. Агроэкспортты дамыту, агрологистика мен агрохабтар жүйесін жетілдіру өңірлік кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтарға жол ашады.

Бүгінде Сарыағаш ауданында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған нақты жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – құны 800 миллион теңгені құрайтын күнбағыс майын өндіру цехының құрылысы.

Жақында Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза ауылдық округінде орналасқан индустриялық аймаққа арнайы барып, «Альбарака 077» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып жатқан күнбағыс майын өндіру цехының құрылыс барысы мен іске қосуға дайындық жұмыстарымен танысты.

Аудан басшысы өндірісті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған бұл жобаның өңір үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, нысанның белгіленген мерзімде әрі сапалы іске қосылуын қамтамасыз ету қажеттігін айтып, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алайдар Әмірхановқа нақты тапсырмалар жүктеді.

Жобаның жалпы инвестициялық құны 800,0 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Индустриялық аймақ аумағынан кәсіпорынға жалпы көлемі 3,0 гектар жер телімі бөлінген.

Қазіргі таңда цехтың негізгі ғимаратының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Бүгінде күнбағыс майын өндіруге арналған заманауи технологиялық құрал-жабдықтарды орнату, іске қосу және баптау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобаны ағымдағы жылдың І тоқсанында толық іске қосу жоспарланып отыр.

Аталған өндіріс орны іске қосылған жағдайда Сарыағаш ауданының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға, өңделген өнім көлемін ұлғайтуға және импортты алмастыруға оң ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл жоба ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, Мемлекет басшысы айқындап берген кәсіпкерлікті дамыту бағытының нақты нәтижесіне айналмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *