Арыс қаласында Мемлекет басшысы бастамалары табысты жүзеге асуда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында аймақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруды, халыққа қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруды және білім мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіруді негізгі басымдық ретінде белгілеген болатын. Бүгінде бұл бастамалар Түркістан облысында нақты жүзеге асып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар қарқын алуда. Атап айтқанда, Арыс қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Заман талабына сай бой көтеріп жатқан білім ұясы жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашпақ. Мектепте екі спорт залы, кең акт залы, кітапхана, пәндік кабинеттер, зертханалар мен шеберханалар қарастырылған. Сондай-ақ, аулада стандартқа сай футбол алаңы салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары бүгінде 80 пайызға орындалды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақдала ауылында алғашқы спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы аумағы 371 шаршы метрден асатын нысан ауыл жастарына күрес, бокс, волейбол, үстел теннисі секілді спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бермек. Кешен жылу ұстағыш сайдингпен қапталып, сапалы материалдармен жабдықталуда. Құрылыс биыл толық аяқталып, халық игілігіне беріледі деп жоспарлануда.
Өңірде тұрғын үй құрылысы да назардан тыс қалған емес. Арыс қаласындағы «Барыс» шағын ауданында жеке инвестордың қолдауымен екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы ауданы 3348 шаршы метр болатын 60 пәтерлі тұрғын үй кешенін «Лидер-НС Строй» ЖШС салып жатыр. Алғашқы үй биыл пайдалануға берілмек. Әлеуметтік нысандармен қатар, өңірде кәсіпкерлікті дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Түркістан облысында шағын және орта бизнесті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықтың табысы артуда. Бұл бастамалар Мемлекет басшысының әділетті экономика құру жөніндегі тапсырмаларын орындаудың нақты мысалына айналды. Түркістан өңірінде қолға алынған әрбір жобаның астарында Мемлекет басшысы айқындаған ұлттық басымдықтар жатыр. Президент тапсырмасына сәйкес Парламент пен Үкімет тарапынан қабылданған шешімдер ел игілігіне айналуда. Өңірлерді дамыту – ел дамуының негізгі тетігі екенін уақыт дәлелдеп отыр.
«Халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру» – Түркістан облысында іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық, әлеуметтік және білім беру жобалары арқылы нақты жүзеге асып келеді. Бұл бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Соның айғағы ретінде Ақдала ауылында салынып жатқан алғашқы заманауи спорт кешенін айтуға болады. Ауыл жастары үшін осындай жағдай жасау – Мемлекет басшысының «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында берген тапсырмаларының нақты орындалып жатқанын көрсетеді. Жолдауда айтылған «Ауылдық аумақтарды дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты» тезисі де Түркістан облысындағы Ақдала ауылында салынып жатқан спорт кешенімен нақты іске асуда.