Сарыағашта кәсіпкерлікке кең өріс ашылуда
Кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші. Осы орайда мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Сарыағаш ауданында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде іске асуда. Мемлекеттік қолдаулар арқылы көптеген тұрғындар өз ісін бастап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді.
Өткен жылдың маусым және тамыз айларында Сарыағаш ауданында ондаған тұрғын қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болып, кәсіптерін ашқан. Жақында аудан әкімі Арман Абдуллаев бірқатар жас кәсіпкерлердің жұмысымен арнайы танысып, бастаған істеріне сәттілік тіледі.
Аудан басшысы алдымен Көктерек ауылдық округінің тұрғыны, ерекше бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Бағила Худаярованың бөдене шаруашылығына барды. Бағила 2024 жылдың маусым айында 1 476 800 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, «Бөдене шаруашылығы» жобасын іске қосқан. Бүгінде үй жағдайында кәсібін өркендетіп, ай сайын 2500-3000 дана бөдене жұмыртқасы мен ет өнімдерін шипажайларға саудалап отыр.
Кейін аудан әкімі көпбалалы әке Азамат Тілепбаевтың ұлттық қолөнер бағытындағы кәсібімен танысты. Ол ат әбзелдерін тігетін цех ашып, ұлттық құндылықтарды жаңғырту ісін табысты кәсіпке айналдырған. Жас кәсіпкердің айтуынша, өнімге сұраныс күннен күнге артып, тұтынушылар қатары көбейіп келеді.
Сонымен қатар, аудан басшысы Гаухар Мұратованың тігін цехының жұмысын көріп, оң бағасын берді. Көпбалалы ана 2024 жылдың тамыз айында мемлекеттік грант иегері атанып, балалар киімдерін тігетін цех ашқан. Қазіргі таңда киімдер еліміздің түрлі өңірлеріне жөнелтіліп, сұранысқа ие болуда. Жас кәсіпкер болашақта тігін фабрикасын ашуды көздеп отыр, бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашады.
Бұл жобалардың өз кезегінде аудан экономикасының дамуына, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, жергілікті өнімдердің көбеюіне, жастар мен әйелдердің кәсіпкерлікке тартылуына ықпал етуге септігін тигізетіні сөзсіз. Сарыағаш ауданында кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды дамыту, ауылдық жерлердегі өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Аудан әкімінің айтуынша, жергілікті экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнеске кең өріс ашу, инвестиция тарту өңірдің тұрақты дамуының басты тетігіне айналып отыр. Мәселен, тек 2024 жылдың өзінде ондаған азамат мемлекеттік қолдауға ие болып, бизнес бастап үлгерген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Өз Жолдауларының бірінде Президент: «Мемлекеттің қолдауы – халықтың өз кәсібін бастауына серпін беруі тиіс. Әсіресе, ауыл әйелдері, жастар және әлеуметтік осал топтар үшін бизнесті бастауға мүмкіндік жасау – Үкіметтің басты міндеті», – деген болатын. Бұл сөздер ел аумағында нақты істермен іске асуда. Сарыағаштағы жаңа кәсіпкерлер Президент саясатының жергілікті деңгейде жүзеге асып жатқанын көрсететін нақты мысал.
Сарыағаш – бүгінде жаңашыл жобалар мен бастамалардың, кәсіпкерлерге кең мүмкіндік беретін аудан ретінде дамып келеді. Қайтарымсыз грант иегерлерінің саны жылдан-жылға артып, олар өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, аудан экономикасына серпін беруде.