Төлеби ауданында тазалық жұмыстары жүргізілді
Тамылжыған табиғаты, саф таза ауасы, көкмайса шалғыны мен мөлдір бұлақтары бар Төлеби ауданы – Түркістан облысының ғана емес, бүкіл елдің тыныс алар мекендерінің бірі. Әсіресе жаз мезгілінде тауға асығатын туристердің қатары артып, Қасқасу, Біркөлік, Сайрам-Өгем өңірлері демалушыларға толады. Алайда осы ағыла ағылған жұрттың артында қалып жатқан қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар – табиғатқа төнген үлкен қауіптің бірі. Жуырда демалыс күндері өзен жағалауларында демалған қонақтардың артынан қалған қалдықтар көлемі күрт артқан соң, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың бастамасымен дүйсенбі күні тазалық акциясы ұйымдастырылды. Мемлекеттік мекемелерде еңбек ететін 200-ге жуық қызметкер Сайрам су өзені бойындағы 7 шақырым аумақты қоқыстан тазартып, 9 тонна тұрмыстық қалдықты арнайы техникамен полигонға жеткізді. Бұл – бір реттік шара емес, табиғатты қорғауға арналған нақты әрекет. Алайда бұл жұмыстар тек әкімдікке немесе табиғат жанашырларына ғана тиесілі емес. Қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың борышы. Табиғат бізге тыныс, сая, қуат береді. Ендеше біз де оған құрметпен қарауымыз керек. Қоқысты жол жиегіне, өзен жағасына тастау – бұл тек көргенсіздік емес, заң алдында да жауапкершілікке тартылатын әрекет.
Қазақстанда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы бүгінде маңызды қозғалысқа айналды. Бұл бастама – экологиялық туризмді дамытумен, жасыл экономика қағидаттарын енгізумен тығыз байланысты. Себебі табиғатты аялау – тек сенбілікте тазалау емес, табиғатпен үндесіп өмір сүру. Төлеби ауданы да бұл бағытта белсенді. Қоғамдық ұйымдар, еріктілер мен жергілікті тұрғындар бірігіп, табиғатты таза сақтау арқылы өңірдің туристік тартымдылығын арттыруда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында қоршаған ортаны қорғау мәселесін жиі көтеріп келеді. Ол жасыл экономикаға көшу, қалдықтарды басқару, экологиялық сананы қалыптастыру – ел дамуының маңызды бағыты екенін айтып келеді. Түркістан облысы бұл бастамаларды өңірлік деңгейде нақты істермен жүзеге асырып жатыр. Ал Төлеби секілді экологиялық туризмге бейім аудандарда бұл жұмыстардың маңызы еселене түседі. Бүгінде туризм тек тынығу емес, таным мен тәрбие, табиғатпен үндестік. Турист келіп қана кетпей, өз артынан тазалық қалдырып кетуі – өркениетті елдің белгісі. Сондықтан аудан тұрғындары мен қонақтарын табиғатқа жанашырлықпен қарап, тазалықты сақтауға шақырамыз. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы мен 432-2-бабының 153-тармағына сәйкес, тазалықты бұзған азаматтарға айыппұл қарастырылғанын ескерте отырып, табиғатты аялау – заң талабы ғана емес, ар-ожданның ісі екенін естен шығармаған жөн. Табиғаттың тазалығы – тек эстетика емес, адам денсаулығы мен өмір сапасының кепілі. Бүгінгі ұқыптылық – ертеңгі ұрпаққа қалатын аманат екенін ұмытпайық.