«Jassaq» жобасы: Түркістан облысында жастар ұлт дәстүрін жаңғыртуда

Созақ ауданында  ұлттық мәдениет пен спортты жаңғырту бағытында ерекше маңызды шара өтті. «Жұмбақ тау» этно-лагерінде ұйымдастырылған «JasSAQ» республикалық этно-реалити жобасы аясында салт-дәстүр мен ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында бірқатар танымды сайыстар өткізілді. Бұл жоба – Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында көрсетілген жастарды ұлттық құндылықтармен сусындату, олардың рухани тәрбиесін жетілдіру, сондай-ақ дене шынықтыру мен спортты дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың айқын көрінісі.

Шара барысында қазақ халқының ежелден келе жатқан мәдени мұралары мен ұлттық спорт түрлері кеңінен насихатталды. Қыздар арасында өткен күбі пісу сайысы – ерекше қызығушылық тудырған жарыстардың бірі болды. Күбі пісіру – ауылдық жерлерде ғасырлар бойы дамыған ерекше өнер. Қатысушылар ағаш күбі мен піспек арқылы дәстүрлі әдіспен айран дайындап, өз шеберліктерін көрсетті. Бұл сайысқа арнайы шақырылған ауылдық әжелер төрелік етіп, қазақстандық этнография мен мәдениетке деген құрметті ұлықтап, ұлттық дәстүрдің сақталуына зор мән берді. Мұндай шаралар жастардың салт-дәстүрімізге деген қызығушылығын арттырып, рухани құндылықтарды бойына сіңіруіне ықпал етеді.

Сонымен қатар, ұлттық спорттың бірі – қазақ күресі бойынша республиканың әр аймағынан келген жас спортшылар жарысты. Алты командадан құралған спортшылар өзара күш сынасып, жеңістің жоғары белестеріне таласты. Қазақ күресі – халықтың ерлік пен батырлыққа тәрбиелейтін ұлттық спорт түрі. Бұл спорт түрін дамыту – Мемлекет басшысының спортты қолдау және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы бастамаларына сай келеді. Осылайша, жоба жастар арасында дене шынықтыруды, спортқа қызығушылықты арттырып, оларды ұлттық рухта тәрбиелеудің нақты үлгісін көрсетті. Ұлттық ойындардың тағы бір түрі – ләңгі тебу сайысы да ерекше әсер қалдырды. Жастар табиғи ортада белгіленген уақыт ішінде ләңгіні мүмкіндігінше көп тебуге тырысып, ептілік пен шапшаңдықтарын паш етті. Бұл ойын түрі еліміздің әр аймағында халықтық спорттың бөлінбес бөлігі болып табылады және жастарды физикалық шынықтыруға, шапшаңдыққа, төзімділікке үйретеді. Мұндай дәстүрлі ойындар арқылы жас ұрпақтың рухани және дене тәрбиесі қатар дамып, ұлттық спортқа деген қызығушылығы нығаяды.

Жоба аясында өткізілген барлық сайыстардың нәтижелері командалық ұпайларға есептеліп, үздік шыққандар марапатталды. Қорытынды бөлімде арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Бұл марапаттар қатысушыларды ынталандырып, алдағы уақытта ұлттық спорт пен мәдениеттің дамуына қосымша күш салуға үндейді. Сонымен қатар, шара барысында жергілікті әкімдік, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың белсенді қолдауы жобаның табысты өтуіне септігін тигізді. «JasSAQ» этно-реалити жобасының мәні мен маңызы мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарының жастарды ұлттық құндылықтарға баулу, рухани мәдениетті дамыту және спортты қолдау бойынша жүйелі жұмыстарымен тығыз байланысты.

Қазақстан Республикасының Парламенті мен Үкіметі, соның ішінде Түркістан облысының әкімдігі Мемлекет басшысының халыққа жыл сайынғы Жолдауларында көрсетілген міндеттерді орындау бағытында ауқымды шаралар ұйымдастырады. Бұл бағыттағы жобалар жастарды рухани, мәдени және физикалық жағынан тәрбиелеуде маңызды рөл атқарып отыр. Президенттің бастамалары жастарды ұлттық мұраға, салт-дәстүрлерге деген сүйіспеншілік пен құрметке тәрбиелеу, спорттық әлеуетін дамыту, денсаулығын нығайтуға бағытталған. Осындай этно-реалити жобалар халықтың рухани бірлігін, ұлттық сананың жаңғыруын қамтамасыз етіп, Қазақстанның болашақ ұрпағын тәрбиелеуде маңызды фактор болып табылады.Осылайша, Түркістан облысындағы этно-лагерьде өткен бұл шара Мемлекет басшысының жастарға деген қамқорлығы мен ұлттық құндылықтарды сақтау жөніндегі стратегиялық бағытын айқындайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *