Ұшқындағы үлгілі тәжірибе – ауыл шаруашылығын жаңғыртудың жанды көрінісі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халыққа арнаған Жолдауында: «Ауыл шаруашылығы — еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық сала. Бұл салаға жаңа технологиялар мен тиімді басқару тәсілдерін енгізу — басты міндет», – деп атап өткен болатын. Президент тапсырмасына сәйкес бүгінде республика көлемінде аграрлық секторды әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, өнімділікті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның жарқын мысалдарының бірі – Түркістан облысы, Келес ауданына қарасты Ұшқын ауылдық округінде атқарылып жатқан игі істер.
Ауыл шаруашылығын тиімді ұйымдастыру, жерді ұтымды пайдалану, озық технологияларды ендіру – Ұшқын округінде нақты нәтижесін беруде. Мұнда жылына 2–3 рет өнім алу жобасы сәтті жүзеге асып, шаруалар бірінші айналымда 143 мың центнерден астам өнім жинады. Бұл – ауыл шаруашылығын әртараптандыру мен жер игеруде жүргізілген дұрыс саясаттың, адал еңбек пен жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Жалпы көлемі 3858 гектарды құрайтын округтің 2117 гектары – ауыл шаруашылығы алқаптары. Оның ішінде 1260 гектары суармалы егістік жерге жатады. Бұл – мол өнім алуға мүмкіндік беретін маңызды ресурс. Бүгінде округ аумағында 123 шаруа қожалығы тіркеліп, 430 гектар жерді белсенді игеруде. Олардың басым бөлігі өнім түрлерін әртараптандыруға ден қойған. Атап айтқанда, көкөніс – 450 гектар, картоп – 45 гектар, бақша өнімдері – 25 гектар, мал азығы – 240 гектар, жүгері – 110 гектар, күздік бидай – 30 гектар алқапқа егілген. Ең бастысы – алынған өнім көлемі де көңіл қуантарлық. Мәселен, көкөністен – гектарына 300 центнер, картоптан – 200, бақшадан – 250 центнер, мал азығынан – 52 центнер өнім жиналған. Бірінші айналым бойынша жалпы өнім көлемі – 143 286 центнер.
Мұндай жоғары өнім көрсеткішіне жетуде суармалы егіншілікті дұрыс ұйымдастыру мен жаңа технологияларды енгізудің үлесі зор. Бұл бағытта ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Су үнемдеу тәсілдерін қолдану, өнімділігі жоғары дақылдарға басымдық беру, фермерлерге көрсетілетін қолдаудың нәтижесі бүгінде Ұшқындағы шаруаларға да жетіп отыр.
Бүгінде ауыл шаруашылығын жүргізу – жай ғана өнім өсіру емес, сонымен қатар экологиялық тұрақтылықты сақтау, су ресурстарын тиімді басқару, климаттық жағдайларға бейімделу дегенді білдіреді. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясындағы шаралар Ұшқын ауылындағы жұмыстармен үндесіп жатыр. Бұл – еліміздегі ауыл шаруашылығын климаттық қатерлерге бейімдеу ісіндегі нақты қадамдардың бірі.
Ұшқын ауылдық округі әкімдігі де бұл бағыттағы жұмыстарда белсенділік танытып келеді. Шаруаларға әдістемелік көмек көрсету, су жеткізу мен техникалық қолдауды ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту – округ әкімдігінің басты назарындағы істер. Бұл – жергілікті атқарушы билік пен шаруалар арасындағы сындарлы байланыстың қалыптасқанын көрсетеді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы инновация мен инвестицияны қажет етеді. Бұл ретте Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласына жеке инвестиция тарту, логистиканы жетілдіру, өнімді сақтау мен өткізу жүйесін цифрландыру бағытында нақты жобалар жүзеге асырылуда. Ұшқын ауылындағы табысты тәжірибе – осы мемлекеттік саясаттың нәтижелі жүзеге асып жатқанын дәлелдейді.
Қорытындылай келе, Ұшқын ауылдық округі – ауыл шаруашылығы саласын жаңғыртудағы жаңа үлгінің бастау нүктесіне айналды. Мемлекеттік қолдау, жергілікті әкімдіктің үйлестіруі және шаруалардың еңбекқорлығы тоғысқан жерде ғана нақты нәтиже болатыны анық. Ұшқын – атына заты сай, ауыл шаруашылығындағы үміттің ұшқыны, алдағы табыстың бастауы.