Таза Қазақстан: Түркістан облысында 1 миллионнан астам көшет отырғызылды
Түркістан облысында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бұл іс-шаралар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауында белгіленген экологиялық қауіпсіздік пен халық өмір сапасын арттыру міндеттеріне сәйкес жүргізілуде. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыстың барлық аудандары мен қалаларында жасыл желектерді күтіп ұстау, абаттандыру және тазалық шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Өткен жылы бағдарлама шеңберінде 7 263 тазалық іс-шарасы бекітіліп, толық орындалды. Жыл басынан бері тазалық және абаттандыру жұмыстарында 6 998 бірлік арнайы техника жұмылдырылып, 1 миллионнан астам тұрғын белсенділік танытты. Көшелер, қоғамдық орындар, аулалар мен саябақтарда тазалау, көгалдандыру және көшет отырғызу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп, нәтижесінде 17 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, 1 миллионнан астам көшет отырғызылды.
Сонымен қатар, облыс аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету үшін 399 бірлік арнайы техника сатып алынды. Тұрғындармен кері байланысты күшейту және мәселелерді жедел шешу үшін іске қосылған «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 3 475 өтінім түсті, олардың барлығы тиісті мерзімде толық орындалды.
Аудандық және қалалық деңгейде ұйымдастырылған «Үлгілі ауыл» және «Таза аула» байқаулары да өз нәтижесін берді. Байқауға 2 қала мен 85 ауыл қатысып, үздік тәжірибелер іріктелді. Кентау қаласына қарасты Байылдыр ауылы бас жүлдені жеңіп алды, І орын Сарыағаш ауданындағы Қызылжар ауылына берілсе, ІІ орын Төлеби ауданындағы Мәдени ауылының еншісіне тиді, ІІІ орынды Созақ ауданындағы Жуантөбе ауылы жеңіп алды. Жеңімпаз елді мекендерде әлеуметтік маңызы бар нысандар салу жоспарлануда.
Қоғамдық орындарда санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты бақылау шаралары жүргізіліп, 33 452 хаттама толтырылып, жалпы 604,4 млн теңге айыппұл салынды. Оның ішінде 346,9 млн теңге өндірілді. Сонымен қатар, құқықбұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың санитарлық мәдениетін қалыптастыру мақсатында түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын тауып, елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсарту және тұрғындарға қолайлы өмір ортасын қалыптастыруға бағытталатын болады.
