Жолдау жүктеген міндет: Түркістан мен қытайлық Feilong Company ынтымақтастық меморандумына қол қойды
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әрбір Жолдауында аймақтардың инвестициялық әлеуетін арттыру және шетелдік серіктестермен өзара тиімді әріптестікті дамыту басымдық ретінде белгіленеді. Осы бастаманы іске асыру аясында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Қытай Халық Республикасының «Feilong Company» компаниясының өкілдерімен ресми кездесу өткізді.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру және болашақ әріптестікті нығайту мәселелері талқыланды. Жиын аясында тараптар өзара түсіністік пен серіктестікті тереңдетуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум экономика, өнеркәсіп, сауда, ғылым мен технология, білім беру, мәдениет, туризм және кадр даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Түркістанның инвестициялық әлеуетін таныстырып, өңірдің тиімді географиялық орналасуы, логистикалық мүмкіндіктері және кең ішкі нарығы бар екенін атап өтті. Ол қаланың жаңа инвестициялық жобаларды қабылдауға дайындығын, сондай-ақ жергілікті экономиканы дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
Тараптар алдағы уақытта өзара тиімді әріптестікті дамытып, бірлескен жобаларды табысты іске асыруға дайын екендерін білдірді. Құжатқа қол қою екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға және өңірдің халықаралық инвестициялық тартымдылығын арттыруға жаңа серпін береді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан қаласында қытайлық инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 163,2 млрд теңгені құрайтын 9 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар 3 800 жаңа жұмыс орнын ашуға бағытталған және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады.
