Кентау қаласында жаңа Конституция жобасы талқыланды

Кентау қаласының әкімдігінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылау және түсіндіру мақсатында кеңес өтті. Жиынға ауыл әкімдері, бөлім және мекеме басшылары, «AMANAT» партиясы Кентау қалалық филиалының өкілдері және құқық қорғау органдары қатысты.

Кеңесті ашқан қала әкімі Жандос Тасов жаңа Конституция жобасының ел үшін стратегиялық маңызды екенін атап өтті. Ол өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында бір палаталы Парламент құру бастамасын көтергенін еске салды. Бұл реформа саяси жүйені кешенді жаңғыртуға және жасанды интеллект дәуірінде елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасауға бағытталған.

Қала әкімі сондай-ақ 8 қазанда Президенттің парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойғанын жеткізді. Жұмыс тобы азаматтардан түскен 2 мыңнан астам ұсынысты жинақтап, жан-жақты талдаудан өткізді. 2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет Басшысы аталған жұмыстың қорытындысын жариялап, алдағы конституциялық өзгерістерге қатысты өз көзқарасын ұсынды.

«AMANAT» партиясы Кентау қалалық филиалының хатшысы Арман Басаров Конституцияның жаңа жобасында Парламенттің рөлін күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғау басты орынға қойылғанын атап өтті. Ол жаңа редакциядағы тармақтардың жан-жақты әрі тиянақты пысықтаулардан өткенін, 145 депутаттан тұратын Құрылтайдың өкілеттіктері бекітілетінін және Қазақстанның Халық Кеңесінің құрылатынын жеткізді.

Кеңесті қорытындылаған қала әкімі жаңа Конституция елдің тұрақты, қауіпсіз және орнықты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыратынын атап өтті. Ол жобаның қоғам мүддесін толық қамтуы үшін барлық азаматтарды талқылау процесіне белсенді қатысуға шақырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *