Жолдау жүктеген міндет: Отырар ауданында «Мектептен-мектепке» жобасы сәтті жүзеге асырыла бастады
Отырар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын көрінісі – білім беру саласындағы жүйелі реформалар мен жаңашыл жобалардың табысты жүзеге асуы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Жолдауында: «Сапалы білім – еліміздің өркендеуінің негізі. Сондықтан барлық деңгейдегі білім беру жүйесінің жұмысын қайта қарап, оны заман талабына бейімдеу – басты міндет», – деп атап өткен болатын. Бұл бағытта Отырар ауданында бірқатар тың бастамалар қолға алынып, білім беру жүйесінде серпіліс байқалуда.
Қазіргі таңда ауданда 41 мектеп жұмыс істейді (оның ішінде 40 мемлекеттік, 1 жеке меншік бастауыш мектеп). Жалпы 11 955 оқушы білім алуда. Оларға 2318 мұғалім сапалы білім мен тәрбие беруге еңбек етуде. 2024-2025 оқу жылында мектеп бітірген 849 түлектің арасынан 88 оқушы «Алтын белгі», 49 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 794 оқушының орташа балы 59,3 болып, білім сапасы бойынша аудан деңгейі 4,0 баллмен белгіленді.
Президент Жолдауында: «Ұлт болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Ал ұрпақ тәрбиелеу – білікті мұғалімнің қолында», – деп атап көрсеткен болатын. Осыған орай ауданда білім беру кадрларының сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Биылғы оқу жылында 400-ден астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Ұстаз – ұлттың зияткерлік қуаты» деген қағидатын басшылыққа ала отырып, Отырар ауданында «Мектептен-мектепке» жобасы сәтті жүзеге асырыла бастады.
Бұл жоба мұғалімдер арасында тәжірибе алмасуға, кәсіби шеберлікті арттыруға, заманауи әдіс-тәсілдерді ендіруге мүмкіндік беруде. Нәтижесінде педагогтердің өз-өзін дамытуына, жаңашыл идеяларды енгізуіне және оқушының жан-жақты дамуына жол ашылуда.
Орайы келгенде өңірде Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында да бірқатар жұмыстардың іске асырылып жатқанын айта кеткен жөн болар. Ауданымызда 600 орындық «№1 жалпы білім беретін мектеп» ашылып, жаңа оқу жылында 570 оқушыны қабылдады. Білім ошағында 52 педагог қызмет атқаруда.
Инфрақұрылымдық мәселелерді шешу – білім сапасын арттырудың маңызды тетігі. Осы орайда, 2025 жылы аудан бойынша 7 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Жобаларға арналған жалпы сома – 1 млрд 92 млн теңгеден астам. Оның ішінде: 3 мектеп реновация бағдарламасы бойынша (Ш.Қалдаяқов, Қ.Мұңайтпасов, М.Шаханов атындағы мектептер); 4 мектепте ағымдағы жөндеу (Сейфуллин, Дәрібаев, Темір, Алтынсарин атындағы мектептер) жүргізілмек.
Сонымен қатар, Жамбыл және Ө.Жәнібеков атындағы мектептердің жөндеу жұмыстарына қатысты жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде.
Президентіміз айтқандай, «Біз жаңа ұрпақты жаңа Қазақстанның болашағын жасайтын елжанды азамат етіп тәрбиелеуіміз керек». Отырар ауданы осы міндетті абыроймен атқарып келеді. Қабылданған шешімдер мен жүзеге асырылып жатқан жобалар – білімге салынған инвестиция ғана емес, ел болашағына салынған сенімді көпір. Алдағы уақытта да ауданымыз білім мен тәрбие саласында үздік тәжірибелерді енгізуді жалғастырып, Отырар өңірін зияткер ұлт қалыптастыру жолындағы озық аймақтардың біріне айналдыруға ұмтылмақ.
