Түркістанның тұмары Ұлжан апай
Ұлжан Əбенқызын Түркістан жұртшылығына таныстырудың қажеті жоқ. Саналы ғұмырының ширек ғасырын көне шаһардың «дала сахнасы» – Есімхан алаңында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырумен өткізген іскер басшыны еңбектеген баладан еңкейген кəріге дейін біледі. Қыстың қақаған суығында, күзгі, көктемгі жауын-шашында, шіліңгір шілде, аптап ыстықта, қолында дыбыс күшейткіш, жүздеген жастардың басын қосып, дайындық өткізіп шапқылап жүрген Ұлжан Əбенқызының келбетінің көптеген көңілдерде жатталып қалғанына күмəн жоқ.
Осы уақыт аралығында өз деңгейінде өткізілген іс шаралардың есебі жоқ. Бір ғана Түркістанның 1500 жылдық тойының мəдени шараларын өгіздей өрге сүйреп, алыс-жақыннан келген жұртшылық аңызға айналдырып айтып, бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған Есімхан алаңында теңіздей толқып билеген бишілерді айтсақ та жеткілікті. «Түркістанға барсаң, бишімін деме» деген мəтелдің де Ұлжан Əбенқызына тікелей қатысы бар. Халқымыздың би өнерін көкке көтерудің шын үлгісі. Енді бір қызығы, Ұлжан Əбенқызының зейнеткерлікке шығуымен бірге Есімхан алаңының да көркі өзгерді.
Иә, қашанда тыным таппайтын Ұлжан Əбенқызы басқа да қоғамдық жұмыстарымен бірге «Белсенді өмір сүру орталығында» алпысты алқымдап, жетпістің жалын тартқан əжелерді би өнерінің қыр-сырына баулыды. Қалада өткен бенефист-шоуда осы «Əжелер ансамблі» əлем халықтарының биінен попурий орындап, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Əжелерін мақтан тұтып, «жанкүйер» болған немерелер «биші əжелерінің» құшағын гүлге толтырды.
Қаншама елдің айдай аруының басын қосқан халықаралық «Тұран аруы», республикалық «Батаменен ел көгерер» байқауларының дақпырты қыр асып жатты. Қазіргі тілмен айтқанда, қаншама жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып жатты. Сондықтан да болар, Қазақстанның халық əртісі, театр тарланы Райымбек Сейтметовтың дуалы аузымен айтылған «Түркістанның мəдениет министрі» деген атағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бетінен тақырып болып орын алып, Үмітхан Алтаева əріптесіміздің қаламынан төгілген мақала туындап еді.
Қазіргі таңда мың адам қосылып, бір мезгілде əн айтып, би билеп «флеш-моб» өткізу дəстүрге айналды. Ал, бұл жаңалықты Ұлжан Əбенқызы арнайы ат қойып, айдар тақпаса да, сона-а-у 2000-ші жылдары-ақ Есімхан алаңында жүздеген адамның басын қосып билеткенде-өмірге енгізіп қойған.
Ұлттық құндылықтарымызды, рухани байлығымыз бен мəдениетімізді сақтай білу – ұлт келешегінің кепілі.
Жалпы, өнердің бақ құсы əркімнің-ақ басына қонуы мүмкін. Бірақ, соны ұстап қалып, халықтың игілігіне жарату кез келген жанның қолынан келмейді. Сондықтан да, қолда бар алтынды көзі тірісінде бағалап, құрмет көрсеткенге не жетсін! Осындай ардагерлеріміздің өмірлік тəжірибесі -таптырмас қазына. Жоғарыда айтып өткен бенефист-шоудың негізгі мақсаты да ұлттық өнерді насихаттау, жастарға бағыт-бағдар сілтеу. Тұла бойында өнер тұнған тұлғаны дəріптеп, құрмет көрсету арқылы «Өнер» атты əлемнің туын биіктету болса керек. Туған жердің тума таланттары бағалана берсін!