Ұлттық дәстүрімізді дәріптеуге үлес қосып жүрген Анаркүл апа
Бүгінде ауданда тынбай еңбек етіп жатқан «Ел-Ана әжелер» алқасы қызметінің маңызы зор. Әжелер алқасының мақсаты – әйелдер мен жас қыздарға, келіндерге халықтық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптың маңыздылығын түсіндіріп, оларды ұстану, бақытты отбасы құрудың құпияларымен бөлісу. 2019 жылы Абай ауылдық клубының жанынан ашылған аталмыш алқаның төрайымы болып Абдуллаева Анаркүл апа сайланды. Ендеше жастайынан еңбекке араласқан, бүгінде белсенді жандардың қатарында жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген еңбекқор апамызға сөз берейік.
«Мен 1956 жылы 1 қазанда Түркістан қаласы, Бабайқорған ауыл округіне қарасты, Абай ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Ата- анам 23 жыл мал шаруашылығымен айналысқан еңбек адамдары, сондықтан мен де мал бағудың қыр-сырына қанық болып өстім. 1986-1993 жылдар аралығында ауылдағы «Көгершін» балабақшасында бала күтуші болып жұмыс істедім. Балабақша жабылған соң ауылдағы шаруа қожалықтарында мақта тердік, мақтаның шабығына шығып қажымай еңбек еттік. Осылай еңбектің арқасында жетілдік, отбасын асырадық, қошеметке бөлендік, еңбек рәтін көрдік. Бүгінде біздің құрған «Ел -Ана әжелер» алқасы ауылдағы шаруаға мығым, қолы епті апа-әжелер алқасының ауызбіршілігінің арқасында ұйым жұмысы жанданып, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді деп ойлаймын», — дейді он саусағынан бал тамған Анакүл апа.
Ия, әдет-ғұрыптарымызды қайта жаңғыртып, ұлттық дәстүрімізді дәріптеу ниетімен «Ел –Ана әжелер» алқасы болып, ұмытылып бара жатқан қол өнер бұйымдарын (киіз басу, ши тоқу, кілем тоқу, сырмақ сыру, ұршық иіру, жүн бояу, жүн сабау) насихаттап, мектеп оқушыларына және ауыл жастарына жан-жақты үйреткен өнер кейінгі ұрпаққа азық болып қалары анық. Сондай-ақ «Ел-Ана әжелер» алқасының құрамында қолөнер шеберлері Жартыбаева Райхан, Құдиярова Сәуле, Қасымова Ақмарал, Дүйсенбекова Сара т.б. білгендерін үйретуден жалықпай жүр. Олардың қолынан шыққан түрлі дүниелер, мысалы қала, ауылдардың мерейлі даталарына арналған ерекше кілемшелер, сырмақтар түрлі сайыстарға барып жүлделі орындар алуда. Жастарымыздың да қызығушылықтары көңіл қуантарлық. Қазақтың салт-дәстүрлерін, ғажап қолөнерін келешек ұрпаққа аманаттап қалдыру, үйрету жолында бар күшін сарп етіп жүрген аяулы апаларымызға қажырлың еңбектерініңдің берекесін көріңіздер деп тілейміз.