Мақсатымыз отбасы құндылықтарын сақтау және насихаттау
Бүгінде еліміздің ірі қалаларынан бастап шағын елді мекендерінде өз жұмыстарын қызу жүргізіп жатқан құрылымдардың бірі Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Сауран аудандық Аналар кеңесі. Кеңестің мақсаты аудандағы әйелдердің мәртебесін көтеру, іскер әйелдерге қолдау көрсету, ана мен баланың денсаулығына мән беру, т.б. іс-шараларды жүзеге асыру. Аталмыш кеңестің белді мүшесі Жұманова Нышанкүл Абылайқызымен сұхбаттасып, ойда жүрген сұрақтардың жауабын алдық.
— Нышанкүл апай, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртатын, жас ұрпаққа өзіндік тәлім-тәрбие беретін Аналар кеңесі қашан құрылды, түпкі мақсаты жайлы айтып берсеңіз.
— Сауран ауданы құрылғаннан кейін өткен 2021 жылдың қараша айында аудандық Аналар кеңесі құрылып, мен кеңестің төрайымы болып сайландым. Алдымен желтоқсан айында кеңестің бірінші отырысын өткізіп, ауданға қарасты 12 ауылдық округінен аналар кеңесі төрайымдарын нақты бекітіп алдық. Аналардан құралған барлық құрылымдардың мақсат-мүддесі бірдей екені белгілі, яғни қоғамдық келісімді нығайту, ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды насихаттауға өзіндік үлес қосу мәселесі. Бізде қазір өз құндылықтарын да жақсы біле бермейтін жастарымыз бар. Сол себепті оларға тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрлерімізді таныту, отбасы институтын сақтау және нығайту, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал ету үшін осы бірлестіктің маңызы зор деп ойлаймын. Яғни, түпкі мақсатымыз – қоғамда отбасылық құндылықтарды сақтау және дамыту.
— Расында, бұл зор рухани және тәрбиелік мәні бар жұмыс екен. Тізгінді қолға алған соң қандай іс-шаралардан бастағанды жөн көрдіңіздер?
— Біз дереу 6 ауылдық округінен «Ибалы келін» байқауын өткізуді ұйымдастырдық. Байқау «Сәлем — сөздің анасы», «Анамның әлдилеген ақ бесігі», «Келін кескен кеспе», «Ана көрген тон пішер», «Көнені көре білген көздер» деген тақырыптарды қамтыды. Яғни, келіндердің өзін таныстыру, бесік жыры, қол өнерін көрсету, сондай-ақ келі түю, диірмен тарту еңбектерін насихаттау арқылы, олардың соған жан-жақты дайындалуы арқылы қазақтың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерін жаңғырту. Қазір ойлап қарасақ, келіндер үшін базарда барлық нәрсе сақадай сай дайын тұр. Дайын нәрсеге үйренген адам әрине барлық қажырлы еңбектен, қолөнерден, өз дәстүрінен алыстайды, ұмытылады. Әр ұлттың айнасы, сәні мен салтанаты, байлығы болып саналатын салт-дәстүр болмаса, ол ұлт ешқашан ұлт болып танылмайды. Сондықтан қолға алған шараның маңызын ұғыну ел боламын деген әр адамның басты міндеті деп білемін.
Сондай-ақ ата салтты ардақ тұтқан өнегелі отбасылар, ұстаздар отбасы Ақылбеков Үсен, кеңес дәуірінде колхозда тынбай еңбек еткен колхозшылар отбасы Жеңсікбаев Оңласбек ағалармен жастардың кездесуін ұйымдастырдық. Үлгілі еңбекші отбасылармен болған кездесуде келелі әңгімелер айтылып, жастар өздерінің ойларындағы сұрақтарға жауап алды. Олардан үлгі алатын тұстары мол екенін ұғынды. Және аудандағы ауылдық округ әжелерімен бірлесіп 4 ауылдық округ бір киізден басып үлкен іс-шара өткізілді.
Сонымен қатар кеңесімізде, президентіміз Қ. Тоқаев айтып өткендей, Жаңа Қазақстандағы аналар рөлін жандандыру мақсатында, Шорнақ, Шыпан мектептерінің шақыруымен «Қыз ақылды ескермес — ана үлгісін көрмесе», «Қыз көрікті көрінер қылығымен» атты жоғарғы сынып қыздары арасында аудан әжелері, аналарының қатысуымен қыздардың алдағы өміріне қажет ақыл-кеңестер айтылып, шара соңында киіз басу, кілем тоқу, ұршық иірудің қыр-сырлары көрсетіліп, қыздардың қызығушылықтары артқанын көріп, еңбегіміздің еш кетпегенін сезіндік.
— Осы орайда отбасының ұйытқысы да болып жүрген, қызметін де үлгеріп жасап жүрген нәзік жанды қыз-келіншектерді атап өтсеңіз.
— Арамызда белсенді әйелдердің аз емес екені қуантады. Олардың осы кеңес жұмысы, қазіргі қыз – келешек ананың болашағы үшін атқарып жатқандары, қосқан үлестері ұшан-теңіз. Солардың бірін айтар болсам, әжелерден құрылған «Асыл қазына» тобының мүшесі Полатова Райхан, әрі отбасының данагөй анасы, әрі кәсіпкерлікті қатар алып жүрген белсенді жан. Райхан әжеміздің немересі Бекжігіт Әбдіманап «Ұлы дала ұрпағы» республикалық байқауының бас жүлде иегері атанды. Бұл да әженің ақ батасы мен үлгілі тәрбиенің жемісі деп ойлаймын.
— Алдағы жоспарларыңыз қандай?
— Жаңа аудан, қызу тіршілік, әлемнің заманауи жетістіктеріне көштен қалмай ілесу үшін жоспарымыз өте көп. Отбасылық қарым-қатынастар аясында әкенің рөлі мен мәртебесін көтеру, әкелер институты орнының мықты болуын түсіндіру ниетімен әкелерге арналған тәрбиелік шараларды өткізуді қолға алғалы отырмыз.
Жылдық жоспарымызда ҰОС ардагерлеріне қамқорлық көрсету, аудан аналарымен бірге тарихи орындарға, оның ішінде Сауран қалашығына,Үкаш атаға экскурсия жасау және жас отбасылармен кездесулер, қарттарды қатыстыруды көздейтін іс-шаралар қамтылады.
«Бәрін айт та, бірін айт», ізгі ниет-мақсатымның бірі ауданда мұражайдың ашылуына атсалысу. Қазірдің өзінде тарихи орындар Сауқым ата, Сидақ қаласынан табылған дүниелерді, кеңес дәуірінде пайдаланған заттарды, ауданға еңбегі сіңген азаматтардың, ҰОС солдаттарының әскери заттары туралы материалдарды мұражайға тапсырып, құнды жәдігерлер қатарын толықтыру. Бұл мұражай тарихи дерек ретіндегі ескерткіштерді, мәдени құндылықтарды сақтаған аудан халқының баға жетпес қазынасы болып қалар еді.
— Тың жоспарды, өнегелі үлгі-насихатты қамтыған мәйекті әңгімеңізге рахмет! Жоспарда қамтылған шараларыңызға қатысып, алдағы уақытта талай жаңалықтарыңыздың жаршысы боламыз деп ойлаймын!