Толғанайдың гүлдерінен хош иіс аңқиды
Қазығұрт ауданы Қ.Әбдәлиев ауылдық округіне қарасты Қыдырмәмбет елді мекенінің тұрғыны Толғанай гүл еккенді жаны сүйеді. Оның үйінің ауласында да, жұмыс орнында да еккен гүлдері жайқалып тұр. Былайша айтқанда, Боранбаевтардың қақпасына кіргенде ғажайып бір әлемге енгендей боласыз. Есігінің алдында гүлдің сан алуан түрі жайқалып өсіп тұр. Олардың хош иісі сонадайда сезіліп, адамның көңілін сергітіп жібереді.
Тұрсынай гүлдермен қатар шырша ағаштарының да түр-түрін егіп, күтіп-баптауды үйреніп жүр екен. Келін болып түскенде енесі Айша оны үй шаруасына ғана емес, гүл өсіруді де меңгерткен екен. Қазір бұл отбасындағылардың барлығы көктем келді дегеннен аулада гүлдің саясында шай ішкенді ұнатады екен. Толғанайдың гүл өсіріп, баптауға деген қызығушылығын оятқан енесіне айтар алғысы шексіз.
— Мен келін болып түскенімде бүгінгідей гүл отырғызатын әсем ыдыстар болмайтын. Босаған, күнделікті тұрмыста қолданылмай қалған ыдыстарға гүл отырғыза беретінбіз. Олардың сыртын түрлі-түсті қағазбен орап қоятынбыз,– дейді өткен күндерін еске алған Толғанай.
Толғанай Шымкенттегі Халықтар достығы университетінен дефектолог мамандығында оқыған. Бүгінде ол «Қазығұрт» жалпы орта мектебінде 1-4-сыныпта оқитын ерекше білімді қажет ететін балаларға сабақ береді. Жолдасы Серік екеуі жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсіруде. Үлкендері бүгінде студент.
Бүгінде елімізде гүл сыйлау мәдениеті қалыптасып келеді ғой. Әсіресе, той-томалақтарда бір-біріне гүл беріп, көңіл-күй сыйлап жататындар көп. Осындай қуаныштарда Толғанайдың хош иісті гүлдерін аттай қалап алып кететіндер жаз мезгілдерінде көбейе түседі екен. Қазір Толғанай өзі баптап өсірген гүлдерін сатумен емес, гүл өсіруше қызығушыларға кеңес беруге көбірек көңіл бөледі екен.