Мөлдір киіз үй жабдықтарын дайындайды
Келес ауданы Бесқұбыр ауылының тұрғыны Мөлдір Нұғманова киіз үй жабдықтарын дайындаумен айналысады. Оның бұл кәсібін отбасылық кәсіп десек болады. Ашылғанына екі жыл болған цехта бес тұрғын жұмыспен қамтылған. Бүгінге дейін тек облыстан 150 киіз үй дайындаған. Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан өзге, басқа облыстардан да тапсырыстар көптеп түсуіне байланысты М.Нұғманова қосымша жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр. Қазіргі кезде кәсіпкер Өскемен қаласынан 20 киіз үйге тапсырыс алып, жұмысты бастап кеткен. Алғашында Мөлдір демалыс орындарында ұлттық құндылықтарды насихаттауды, шетелдік туристерге ұлттық дүниелерді көрсетуді мақсат тұтқан екен.
Ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, оны кәсіпке айналдыру біздің кейіпкерімізге мектепте жүргенде келген ой болатын. «Міне, арманым орындалып, кәсіп ашып отырмын. Елімізде жұмыс істеп, бизнеспен айналысамын деген жандарға қолдау көп» дейді Мөлдір Бегалықызы.
Отбасылық кәсіпті жүргізіп отырған отағасы Қарабай Құрбанбаев киіз үйге қажет материалдарды көктем-жаз айларында жинап алады. Қарағаш, тұт ағаштарды алыс-жақын ауылдардан сатып әкеледі. Сөйтіп күз айларынан бастап қыс бойы киіз үй жабдықтарын жасап, сатылымға шығарады.
Мөлдір Нұғманова кәсіпкер ғана емес, үлкен жүректі ана, «Алтын алқа» иегері. Отағасы екеуі бес қыз, екі ұл тәрбиелеп, өсіріп, немере сүйіп отыр. Алтын құрсақты ана цехтан өзге ауыл тұрғындарының сұранысына қарай, балабақша, дәріхана ашқан. Бизнесті өз күштерімен бастаған. Ешқандай грант та, несие де алмаған.
«Кәсіп жүргізу оңай емес. Бастаған соң, кері шегінбеген жөн. Бизнес әлемі – төзімділікті, тынбай еңбек етуді талап етеді» дейді ол.
Мөлдір Бегалықызы енді Түлкібас ауданының Ақсу-Жабағылы ауылынан да, осындай кәсіп ашуды жоспарлап отыр.