Жастарды еңбекке баулу – тәрибенің төресі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бастау алған болатын. Аталмыш акция аясында Ордабасы ауданында «Таза өлке»,»Киелі мекен»,»Жасыл аймақ»,»Мөлдір бұлақ»,»Өнегелі ұрпақ» апталықтары өткізілді.
Айталық, акция барысында көшелер тазартылып, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары ғана атқарылып қойған жоқ. Елді мекендердегі жолдар да ретке келтіріліп, тұрғын үй маңы, аулалар, мекемелердің маңы көріктендіріліп, жасыл желекке бөленді. Гүлдер мен көшеттер отырғызылды. Біз осындай жұмыстарды атқара жүріп өзімізден кейінгі өскелең ұрпаққа отбасы құндылықтары мен салт-дәстүрімізді насихаттадық. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді естен шығармау керектігін ескерттік. Айналамызды таза ұстаудың өзі үлкен мәдениет. Оған біздің ата-бабамыз ертеден көңіл бөлген. Көктем келе кетпенін арқалап, жер аударып егін еккен. Балаларын кішкентайынан еңбекке баулыған. Мұның бәрі де өскеелң ұрпақ үшін қажет нәрсе деп білемін. «Таза Қазақстан» акциясы аясында біз жастарымыздың бойына осындай құндылықтарымызды сіңіруге тырыстық. Біле білгенге, бұл тәрбиенің төресі.
Алдағы уақытта да осы жұмыстарды ары қарай ауданға қарасты ауыл аймақтарда жалғастыруды мақсат етіп отырмыз. Жас келіндерге де өсиет айтуды қолға алдық. Отбасы ошағының кейінгі иесі болар оларға да үйретеріміз көп. Келіндер сайысын өткізіп, оларды салт-дәстүрімізді тануға шақырып жүрміз. Ұрпақ тәрбиесінде де нені ескеру керектігін айтудамыз. Мұның барлығы аудандағы әжелер алқасының, әйелдер кеңесінің басты жұмыстарының бірі.
Г.ТАЙТЕЛИЕВА,
«Ордабасы аудандық әйелдер кеңесі»
қоғамдық бірлестігінің төрайымы.