V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында 500 киіз үй тігіледі
Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде этно ауылда бір түсте, бір қалыпта 500 киіз үй тігіледі.
Бұл туралы бүгін Туризм және спорт министрлігінде дене шынықтыру және спорт, ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу салаларындағы 2023 жылғы қызметі мен 2024 жылға қойылған негізгі міндеттері туралы кеңейтілген алқа мәжілісте V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру және өткізу дирекциясы директорының орынбасары Абылай Қондыбаев мәлім етті.
«V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары биылғы елордамызда өтетін басты оқиғалардың бірі. Ойындардың басталуына 205 күн қалды. Біз барлық дайындық жұмыстарын үш кезеңге бөлген болатынбыз. Жоспар бойынша бірінші кезеңді аяқтап, екінші кезеңді бастап жатырмыз. Барлық жұмыс жоспар бойынша жүріп жатыр. Ойындарға 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысып, Астанаға 100 мыңнан астам турист келеді деп жоспарлап отырмыз. Аталған ойындар кезінде этно ауылға 500 киіз үй тігілетін болады», — деп атап өтті Абылай Қондыбаев.
Сондай-ақ, көшпенділер ойынында спортшылар қанша спорт түрінен бақ сынайтынын да тілге тиек етті.
«Асық ату, ордо, арқан тартыс, бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қазақ күресі, алыш, кураш, ашыртмалы аба гюреши, ссирым, мас-рестлинг, Powerfull nomad (күштілердің сайысы), тоғызқұмалақ, мангала, овари, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, құсбегіліктен сайыстар өтеді. Сондай-ақ, 10 көрнекі спорт сайысынан жарыстар өткізуді көздеп отырмыз. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты «Астана-Арена» стадионында, жабылуы 10 мың адамдық «Қазанат» ипподромында өтеді деп жоспарланған», деді ол баяндамасында.
Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны биыл 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді.