Көпбалалы ана өз кәсібін ашты

Түркістандық көпбалалы ана Ажар Бимурзаева ұлттық өнерді насихаттаумен қатар, кәсіпке айналдырып отырған шебер. Жастайынан тігін өнеріне қызыққан жан бүгінде нәзік жандылардың көңілінен шығатын түрлі сөмкелер мен қыз жасауларын, сондай-ақ балаларға арналған жұмсақ ойыншықтарды да жасауда.

Көпбалалы ана сүйікті ісін кәсіпке айналдыру үшін қайтарымсыз грант конкурсына қатысып, бүгінде өз шеберханасын ашқан. Өзі сияқты тігін ісіне құмар жандарды баулып, жұмыспен қамтып отыр.

– Бала кезімнен қуыршақтарға киім тігуге қызығатынмын, кейіннен өзіме керекті сөмке, сырт киімдерімді қолдан дайындай бастадым. Тіккен киімдерім ортама ұнап, шабыт ала бастадым. Сосын сүйікті ісімді хобби ретінде ғана емес, кәсібіме айналдырғым келді. Ендігіде шағын шеберханамды үлкейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап жүрмін, – дейді тігінші.

Түркістан – халық саны жағынан еліміздегі көшбасшы өңір. Тиісінше көп балалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында. Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысының еншісінде. 2023 жылы өңірде 54 мыңнан астам сәби жарық дүние есігін ашты.

Облысымызда 179 мың көп балалы ана бар.  2500 «Батыр ана», 17 мыңға жуық «Алтын алқа» иегерлері саналы ұрпақ өсіруде. Біз 44 мыңға жуық «Күміс алқа», 4 мың «Ана даңқы» орденінің иегерлерімен мақтанамыз.

Ардақты аналарымыз тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *