Түркістан облысында 500 мыңға жуық әйел бала тууға қабілетті
Түркістан облысы туу көрсеткіші бойынша республикада көш бастайды. Айталық, былтыр өңірімізде 56 мыңға жуық нәресте дүниеге келген болса, биылғы жылдың алғашқы бес айында бұл көрсеткіш 20 мың 859-ға жетті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды: «Ана мен бала денсаулығы – қашанда басты назарда. Бүгінде облысымызда 500 мыңға жуық бала тууға қабілетті жастағы әйел бар. Олардың 28 мыңнан астамы жүктілік бойынша тіркелген. Сонымен қатар, 182 жасөспірімнің жүктілігі тіркеліп отыр. Осындай ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында өңірімізде «Репродуктивті денсаулығын қорғау» апталығы өткізіліп тұрады», – деді Бауыржан Нұрланұлы.
«Репродуктивті денсаулығын қорғау» апталығын өткізудегі мақсат – халықтың репродуктивті денсаулық мәселелері туралы ақпараттандыру, салауатты өмір салтын насихаттау және ұрпақ сүю жүйесімен байланысты аурулардың алдын алу.
ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, облыстық «Әйелдер кеңесі» ҚҚ төрайымы Баян Жандосова еліміздегі 10 миллионнан аса әйелдің 4 миллионнан астамы фертильді жастағы әйелдер, 6 миллионға жуығы балалар екенін айтады. Ал, ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесi Назым Жанғазинова ата-ана мен бала арасында жоспарланбаған жүктілік жөнінде ашық әңгіме болуы керектігін айтып, көпшілікті ұлт болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Айта кетейік, облыс халқының 38%-ы балалар, олардың 155 мыңнан астамы балабақшада, 520 мыңы мектепте. Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысында тұрады. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш.