Райхан ананың құрағына қызығатындар көп

Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауылдық округінде тұратын Райхан Айдарханова Түркістан қаласында облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасы» ұйымының 10 жылдығына орай өткен «Аялы әже» форумында өз қолынан шыққан бұйымдарды көпшілік назарына ұсынды. Айта кетейік, кейіпкеріміз Райхан Айдарханованың анасы да өте ісмер адам болыпты. Тігін тігіп, киіз басып, алаша, кілем тоқыған екен.

— Бала күнімде анамның қасында жүріп, осылардың бәрінің қалай жасалатынын үйренгенмін. Кішкентай кезімнен матаның бетіне гүлдің, құстың суретін салып, кестелейтінмін. Кереуеттің үстіне жабатын жамылғының өзін оюлап тігіп, етегіне тор тоқитынмын. Әлі күнге дейін алаша, кілем тоқу үшін жүнді бояп, жіп иіремін, — дейді Райхан Айдарханова.

Райхан апаның құрақ көрпешелеріне қызықпайтын адам жоқ. Алғашқыда оған көрші-қолаң, ағайын-туыс тапсырыс берген екен. Міне, осылайша уақыт өте келе тапсырыс берушілері көбейіп, сүйікті ісін кәсіп ете бастапты.

— Анам жасауыма тігін машина қосып берген болатын. Әлі күнге дейін сол машинаны қолданып келемін. Заманауи машинам да бар. Бірақ, анамның көзіндей болған тігін машинасына әбден үйреніп қалғанмын, – дейді Райхан апа.

Райхан апаның жасы қазір 75-те. Ине сабақтап, қиындыларды өзі құрайды. Тіпті, құрақ құрап қана қоймай, ісін дамытуы үшін түрлі курстарға қатысады. Қазір құрақ көрпешелермен қатар құрақ сөмке де тігіп, сатуды қолға алыпты.

Айта кетейік, Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар.  Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар  басшылық жасап жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *