Түркістан облысында әйелдер жұмыссыздығы азайып келеді

Қоғам көшін алға сүйреу ісінде алдыңғы лекте жүретін әйел затының әрбірінің өз орнын табуы аса маңызды. Бұл тұрғыда Түркістан облысы әкімі жанындағы бала құқықтары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы жиі өткізіліп отырады. Жиында облыс көлемінде әйелдер жұмыссыздығын азайту мәселесі қаралып, атқарылған жұмыстар талқыланады.

Өткен жылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасын» жүзеге асыруға 84,0 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған болатын. Атап айтқанда, нақты 97 686 адам жұмыспен қамтуға жолданды. Олардың арасында әйелдер – 50 450 адам. Тұрақты жұмыс орындарына 35 195 азамат жұмысқа жіберілген болса, оның 15 664-і әйел. Субсидиялау арқылы уақытша жұмыс орындарына 34 959 азамат жолданса, оның 18 923-і әйел екенін атап өту қажет. Сонымен қатар, «Бизнес-Бастау» жобасы аясында кәсіпкерлікті игеруге ниеттенген әйелдердің қатары да күн санап артып келеді. Мәселен, кәсіпкерлік бағытта 21 708 адам білім алса, оның ішінде 12 660-ы әйел. Бұл тұрғыда грант 1 687 адамға берілсе, оның да 977-і әйел. Сондай-ақ қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 242 әйел жіберілді.

Статистикалық мәлімет бойынша, 2023 жылдың II тоқсаны қорытындысына көз жүгіртсек, жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,0% болса, әйелдер жұмыссыздығы 5,8%-ды құрап отыр.

Айта кетейік, Түркістан облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның қызметін жетілдіру жөнінде арнайы шаралар кешені қабылданған болатын. Сонымен бірге күрделі әлеуметтік мәселелерді шешу кезінде азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауға бағытталған жаңа тәсілдерді қолға алу мәселесі қозғалады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *