Лобархан — ақ халатты абзал жан

Сайрам этникалық құрамы жағынан көпұлтты аудан болып табылады. Онда бүгінде түрлі ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті тіршілік кешіп келеді. Өзге ұлт өкілдері түрлі салаларда жемісті еңбек етіп, еліміздің экономикалық жағынан дамуына өз үлестерін қосуда. Солардың бірі – Ақсукент ауылдық округінде орналасқан Ақсукент ауылдық емханасының жоғары санаттағы гинеколог дәрігері Рахатова Лобархан Шарапитдинқызы.

Лобархан Шарапитдинқызы 1968 жылы Сайрам ауданында дүниеге келген. Жалпы орта мектепті бітіргеннен кейін Ташкент қаласындағы ТАШ МПИ (институтын  гинекология мамандығы  бойынша)  қызыл дипломмен бітірген. Алғашқы еңбек жолын 1991 жылы облыстық перзентханада бастаған ол 1992 жылдан бері Сайрам аудандық Ақсукент ауылдық емханасында гинеколог болып жұмыс істеп келеді.

Өмірге дені сау, 12 мүшесі түгел ұрпақ әкелу ананың міндеті болса, сол ананы үнемі дәрігерлік бақылауда ұстап, оның денсаулығын жіті қадағалап отыру ақ халатты абзал жандардың жұмысы. Кейіпкеріміз өз жұмысын абыроймен атқарып келе жатқан бүгінде кәдігі маман. Сайрам ауданында  бір жылда  орта есеппен 5000 -ға жуық бала дүниеге келеді екен. Лобархан Ақсукент ауылдық округі бойынша 4 гинеколог болса, соның бірі Лобархан 1 жылда 500-ге жуық жүкті әйелдерді есепке алады. Аяғы ауыр келіншектерді баласын қолына алғанша қарап, ай сайын тексерілуге шақырып, қалған уақытта оларға  ұдайы қоңырау соғып, саулығынан хабар алып тұрады.

— Кейде әйелдердің өздерінің денсаулығына немқұрайлы қарайтыны жасырын емес. Жүктілігіне 4-5 ай толғанда барып » Байқамай қалдым» деп есепке тұруға келетіндер кездеседі. Мұның дұрыс емес екенін олардың әрбірі айтып, түсіндіруге тырысамыз. Әйел есепке жүктілік мерзімі екі ай толғанға дейін есепке тұру керек. Біз әйелдердің денсаулығын толық тексеріп, олардың удз, анализ қорытындыларына қарап, қаншалықты өмірге ұрпақ әкелуге қабілетті екенін анықтауымыз керек. Ана мен бала өмірі біз үшін қашанда қымбат, — дейді Лобархан дәрігер.

30 жыл еңбек өтілі бар Лобархан Рахатованы жұмыс үстінде көрсеңіз,  өз ісінің нағыз маманы дерсіз. Алдына келген әйелдердің әрбірімен жылы сөйлесіп, жанына ем іздейді. Содан кейін шығар, Лобарханның дәрігерлік көмегіне жүгінетін әйелдер қатары өте көп.

Бірде Лобархан апайдан «Дәрігер көпшілік осы еміне шипа іздеп Ташкентте барып жатады ғой. Сіздің бұған көзқарасыңыз қандай?» деп сұрап едік, сонда дәрігер: «Ол жақтың медицинасының еліміздің медицинасынан асып тұрған түгі жоқ. Олар денсаулықтың кінәратын анықтайтын медициналық аппараттарға енді ғана қол жеткізіп жатыр. Ал еліміз  медицина жағынан олардан көш ілгері. Медициналық аппараттарымыз жеткілікті. Ташкентте мықты, білікті дәрігерлер жетерлік шығар,  десе де олардың бір артықшылығы  жылы сөзінде. Алдына келген әрбір науқаспен өте жылы сөйлеседі. Қазақта «Жылы сөз жан дауасы» деген  нақыл бар емес пе?  Дәрігерлер емдеумен қатар науқастардан жылы сөзін аямау керек.  Сонда ем қабылдап жатқан науқастың емі бойына сіңімді болады», — деп берген еді.

Дерт дауасың көңілден екенін білген осындай дәрігерге ұзақ өмір, еңбекте табыс тілмейміз! Лобархан Рахатова нағыз дәрігерсіз. Еңбекте абыройлы бола беріңіз.

Сайрамда қазақ, орыс, өзбек, әзірбайжан,  тәжік, татар, түрік, кәріс, украин, күрді, неміс, ұйғыр, шешен, қырғыз ұлтының өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Ауданда тұратын 40-қа жуық ұлт пен ұлыстың ынтымақта тіршілік кешіп жатқаны бәріміз үшін мақтаныш. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір тұрғындар қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпына, құндылықтарына құрметпен қарайды. Татулығы мен ынтымағына, сыйластығына сызат түскен емес.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *