«Бизнес әлемі – төзімділікті, тынбай еңбек етуді талап етеді»
Келес ауданының Бесқұбыр ауылында тұратын Мөлдір Нұғманова отбасымен киіз үй жабдықтарын дайындайды. Бұл олардың отбасылық кәсібі. Ашылғанына екі жыл болған цехта бес тұрғын жұмыспен қамтылған. Бүгінге дейін тек облыстан 150 киіз үй дайындаған. Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан өзге, басқа облыстардан да тапсырыстар көптеп түсуіне байланысты М.Нұғманова қосымша жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр. Қазіргі кезде кәсіпкер Өскемен қаласынан 20 киіз үйге тапсырыс алып, жұмысты бастап кеткен. Алғашында Мөлдір демалыс орындарында ұлттық құндылықтарды насихаттауды, шетелдік туристерге ұлттық дүниелерді көрсетуді мақсат тұтқан екен.
Ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, оны кәсіпке айналдыру біздің кейіпкерімізге мектепте жүргенде келген ой болатын. «Міне, арманым орындалып, кәсіп ашып отырмын. Елімізде жұмыс істеп, бизнеспен айналысамын деген жандарға қолдау көп» дейді Мөлдір Бегалықызы.
Отбасылық кәсіпті жүргізіп отырған отағасы Қарабай Құрбанбаев киіз үйге қажет материалдарды көктем-жаз айларында жинап алады. Қарағаш, тұт ағаштарды алыс-жақын ауылдардан сатып әкеледі. Сөйтіп күз айларынан бастап қыс бойы киіз үй жабдықтарын жасап, сатылымға шығарады.
Мөлдір кәсіпкер ғана емес, үлкен жүректі ана, «Алтын алқа» иегері. Отағасы екеуі бес қыз, екі ұл тәрбиелеп, өсіріп, немере сүйіп отыр. Алтын құрсақты ана цехтан өзге ауыл тұрғындарының сұранысына қарай, балабақша, дәріхана ашқан. Бизнесті өз күштерімен бастаған. Ешқандай грант та, несие де алмаған.
«Кәсіп жүргізу оңай емес. Бастаған соң, кері шегінбеген жөн. Бизнес әлемі – төзімділікті, тынбай еңбек етуді талап етеді» дейді ол.
Мөлдір Бегалықызы елімізде шағын бизнесті дамытуға бағытталған түрлі бағдарламалардың кәсіпкерлерге көмегі мол екенін айтады.