Сауран ауданында «Оқушылар сарайы» бой көтермек
Қазіргі таңда Сауран ауданындағы 53 білім беру ұйымдарында 25 570 оқушы білім алуда. 47 типтік, 8 ыңғайластырылған, 3 саманды білім ордалары бар. Оның ішінде 9 413 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Өткен жылы 42 мектепке дабыл батырмасы орнатылып, жедел басқару орталығына қосылды. 28 мектепке мамандандырылған күзетпен қызмет көрсетілуде. Білім ордаларына 360 дана бейнебақылау камералары орнатылып, 10 мектептің қоршауы ауыстырылды. Сонымен қатар, 700 баладан асатын 13 мектепке 52 турникет қойылды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 2024 жылы 3 мектеп, 2025 жылы 600 орындық 2 мектеп пайдалануға берілетін болады деп жоспарланған. Атап айтар болсақ, олар Үшқайық ауыл округі, С.Қожанов ауылы — 300 орындық мектеп (2024),Иассы ауыл округі — 600 орындық мектеп (2024),Шорнақ ауыл округі — 600 орындық (2024),Қарашық ауыл округі — 600 орындық (2024-2025),Майдантал ауыл округі — 600 орындық (2024-2025).
Сонымен қатар, Оранғай ауылында 150 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, Абай елді мекенінде 300 орындық мектеп құрылысы жұмыстары ағымдағы жылы бастау алады. Айта кетейік, былтыр 2023 жылы 774 орынға арналған 4 жекеменшік мектеп ашылды. 2024 жылы 900 орындық 1 мектеп пайдалануға беріледі. Атап айтар болсақ, олар: Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылындағы 200 орындық,Иассы ауылындағы 257 орындық, Шаға ауылындағы 100 орындық,Иассы ауылындағы 217 орындық мектептер. Бүгінде 300 оқушыға арналған «Оқушылар сарайының»жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
Жалпы білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында облыста үш жылда 100-ге жуық мектеп салынады. Оның ішінде 63 білім нысаны «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы бой көтереді. Биыл осы жоба аясында 29 мектеп ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.