Төлеби ауданындағы өнеркәсіптік серпін – Президент реформаларының нақты көрінісі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында: «Бәсекеге қабілетті, әртараптандырылған және инновациялық өнеркәсіп – еліміздің тұрақты дамуының негізі. Әр өңір өзінің экономикалық әлеуетін толық пайдалануы керек», – деп нақты тапсырма берген болатын. Осы бағытта Түркістан облысының Төлеби ауданында өнеркәсіп саласы жүйелі түрде дамып, инвестициялық белсенділік айтарлықтай артты. 2025 жылы аудан өнеркәсібіне жалпы құны 6,5 млрд теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба тартылып, 180 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл тек аудан экономикасының дамуына ғана емес, сонымен бірге халықтың жұмыспен қамтылуына, табысының артуына да зор үлес қоспақ. Аталған жобалар Мемлекет басшысының «Өңірлердің дамуы – бүкіл елдің дамуының негізі» деген стратегиялық тұжырымын нақты іске асырып отыр.Бірінші жоба – «Тауэнерго» ЖШС-нің шағын су электр станциясын (ГЭС) салу болып табылады.  Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Төңкеріс елді мекенінде, Балдыберек өзені бойында орналасатын бұл нысанның жалпы құны – 2,5 млрд теңге, ал жобалық қуаттылығы – 3,2 мВт/сағ. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту – Президент Тоқаевтың 2021 жылғы Жолдауында ерекше атап өткен басымдықтарының бірі болатын. Онда: «Экологиялық таза энергияға көшу – әлемдік тренд. Қазақстан да осы бағытта көштен қалмауы тиіс», – делінген еді. Бұл жоба – соның нақты дәлелі.Екінші жоба – «Jasyl Quat» ЖШС-нің тағы бір шағын ГЭС құрылысы. Ол Жоғарғы Ақсу ауылдық округінің Сарқырама елді мекенінде, Ақсу өзені бойында бой көтереді. 1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, станцияның қуаттылығы 2 мВт/сағ болады. Бұл жоба да елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен экологиялық тұрақтылығын арттыру бағытындағы маңызды қадам болмақ. Үкімет те жаңартылатын энергия көздеріне қолдау білдіріп, тиісті инфрақұрылым мен субсидияларды енгізіп отыр.

Үшінші жоба – Леңгер қаласында іске асатын «KAZPLAST» ЖШС-нің тігін фабрикасы. Бұл өндіріс орны жылына 90 мың дана қысқы арнайы жұмыс киімін шығаруға бағытталған. Жалпы құны – 1,5 млрд теңге. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында бірнеше рет өңдеу өнеркәсібіне көңіл бөліп: «Жеңіл өнеркәсіп – үлкен әлеуетке ие сала. Мемлекет бұл бағыттағы жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс», – деген еді. Бұл фабрика ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, тігін саласындағы жаңа мамандардың қалыптасуына да жол ашады. Ал, төртінші жоба – «З-Энергетик СНГ» ЖШС-нің шағын ГЭС құрылысы. Жоғарғы Ақсу ауылдық округіндегі Сарқырама елді мекенінде тағы бір су электр станциясы салынады. Бұл жобаның құны – 1 млрд теңге, қуаттылығы – 2 мВт/сағ. Бұл ретте, Парламент пен Үкіметтің қабылдаған жаңартылатын энергия көздерін қолдау шаралары мен жеңілдетілген тарифтік саясат та айтарлықтай рөл атқаруда.Жоғарыда аталған 4 жоба өңірлік өнеркәсіп құрылымын әртараптандырып қана қоймай, экологиялық тұрақтылықты нығайту, энергиямен қамтуды жетілдіру, импортты алмастыру және жұмыссыздықты азайту секілді көптеген әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.Аудан деңгейінде де бұл бастамаларды үйлестіру үшін жүйелі шаралар қолға алынуда. Жергілікті атқарушы органдар инвестициялық жобаларға инфрақұрылым тарту, рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыру және кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді азайту бағытында белсенді жұмыс істеуде. Бұл – Президент Тоқаевтың «Бизнесті дамыту – экономикалық еркіндік пен ұлттық табыстың негізі» деген ұстанымымен толық сәйкес келеді.  Бұдан бөлек, бұл жобалар аймақтық индустрияландыру саясатының нақты табысты мысалдары ретінде де бағаланады. Өнеркәсіп секторы – аймақ экономикасының қозғаушы күші. Ал Төлеби ауданының бұл бағыттағы бастамалары бүкіл Түркістан облысы үшін үлгі бола алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *