Келес ауданында жібек өндірісі жолға қойылып келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамыту, қосылған құны жоғары өнім өндіруге бет бұрудың маңыздылығына бірнеше мәрте тоқталған болатын. Президенттің 2023 жылғы Жолдауында: «Ауыл шаруашылығы – еліміздің экономикасын алға сүйрейтін маңызды сала. Енді біз тек шикізат емес, дайын өнім өндіруге басымдық беруіміз қажет» деп нақты бағыт көрсетілді.
Осы стратегиялық тапсырмалар аясында Түркістан облысында, оның ішінде Келес ауданында аграрлық саланы әртараптандыру және жергілікті өңдеуші кәсіпорындарды дамыту бағытында тың бастамалар қолға алынып жатыр. Соның жарқын мысалы – Ошақты ауылдық округінің Сарыжылға елді мекенінде жібек құртын өсіру және өңдеу жобасының жүзеге асырылуы. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың бастамасымен іске асып жатқан бұл жоба өңір экономикасына серпін беріп, ауыл тұрғындарын тұрақты табыс көзімен қамтуға мүмкіндік бермек.
Жобаны жүзеге асырып отырған – «Асвс ойл» ЖШС. Жалпы құны 1 млрд 780 млн теңгені құрайтын бұл өндіріс орны 60 гектар жерге тұт ағашын отырғызып, жібек құртын өсіруді және оны өңдеуді көздейді. Кәсіпорын толық қуатында іске қосылғанда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазірдің өзінде жер телімі рәсімделіп, инфрақұрылым тарту жұмыстары басталған. Ең маңызды мәселелердің бірі – жер асты ұңғымасынан су шығару жұмыстары сәтті аяқталып, сумен қамтамасыз ету толық шешімін тапқан.
Жобаның ерекшелігі – халықаралық әріптестікке негізделгенінде. Қытай Халық Республикасындағы серіктестермен тұт ағашының көшеттерін жеткізу туралы келісім жасалған. Былтыр сынақ ретінде Біртілек ауылдық округінде 0,5 гектар жерге тұт ағашы отырғызылып, оның жергілікті климатқа бейімділігі дәлелденді. Бұл – жобаның өңірге тиімді бейімделе алатынын көрсетеді.
Болашақта жоба аясында тұт жапырағынан шай өндіру де жоспарланған. Қазірдің өзінде Қытайдан арнайы шай өндіруге арналған құрылғыларды жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібін тоғыстыра отырып, агроөнеркәсіптік кешеннің толық тізбегін қалыптастыруға жол ашады.
Жібек шаруашылығы – Қазақстанда бұрын кең көлемде қолға алынбаған, бірақ болашағы зор бағыт. Ауыл шаруашылығын индустрияландыру және инновациялық технологияларды енгізу жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар аясында мұндай жобаларға қолдау көрсетілуі – ел экономикасының жаңғыруының нақты көрінісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы наурыз айындағы мәлімдемесінде: «Әрбір өңір, әрбір аудан өзінің экономикалық мүмкіндігін тиімді пайдаланып, инвестиция тартуға белсенді араласуы қажет. Біз ауылды тек тұтынушы емес, өндірістің орталығы ретінде қарауымыз керек» деген болатын.
Келестегі бұл бастама – дәл осы көзқарастың нақты іске асуы. Ауылдың әлеуетін тиімді игере отырып, өндіріс пен экспортқа бағытталған кәсіпті дамыту – еліміздің агроөнеркәсіптік картасындағы жаңа белес. Бұл – тек аудан емес, жалпы облыс үшін де маңызды жоба.