Айнұр сәндік кескіндеме өнерін оқушыларға үйреткісі келеді

Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылындағы Балтабай Нұрлыбеков атындағы жалпы білім беретін мектепте көркем еңбек пәнінен сабақ беретін Айнұр Сапарқызын тосын талант иесі десе де болады. Айнұр кәдуілгі жіп пен шеге арқылы сәндік кескіндемелер жасайды.
Айнұр «String art» технологиясымен бейнелеуді қолөнер бұйымдарының қатарына қосып отыр. Түсіндіре кетейік, String art – шегелер мен жіптерге негізделген қолмен жасалатын өнер. Бұл өнер туындысы өз тамырын Англиядан тартады. XVII ғасырда ағылшын шеберлері осы өнермен елді елең еткізген.
Айнұрдың сәндік кескіндемелер өнеріне келуі де қызық. Оның бұл өнерге қызығушылығы ғаламтор желілерінен фигуралар мен графикалық картиналарды көріп оянған.
Оның кескіндемелеріне бүгінде қызығушылық танытатындар көп. Қазақтың біртуар зиялыларының есімдері мен бейнесі ел жадында мәңгі сақталуы үшін ол шегелер мен жіптер арқылы Абай Құнанбайұлының, Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсыновтың бейнелерін жасап шыққан. Өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді пайдалану және өнерге қызығушылығын ояту мақсатында Айнұр Сапарқызы осы ерекше өнер түрін мектеп шәкірттеріне де үйретсем деп отыр.
Айта кетейік, Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар басшылық жасап жатыр.
Қазіргі жағдай бойынша Түркістан облысындағы іс басындағы 5658 мемлекеттік қызметшінің 27%-ын нәзікжандылар құрайды. Осылайша, белсенді әрі іскер ханымдарымыз ел экономикасының дамуына да айтарлықтай үлес қосуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *