Рыс апа да «Таза Қазақстан» жобасына атсалысуда
Өнегелі өмірінің сексен бесінші баспалдағында немере мен шөберелерінің алдында аяулы әже әрі бір әулеттің шаңырағына бас болып, оны айрандай ұйытып отырған Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы Әжелер алқасының мүшесі, рухани астанамыз Түркістан қаласының құрметті азаматы Рыс Ташметова әжеміз ұлттық құндылықтарымызды өз қолымен жасайды. Ісмер. Оларды өскелең ұрпаққа кеңінен үгіттеп – насихаттаумен қатар елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жүзеге асуына өз еңбегімен үлесін қосып жүр.
Әже — ұлт тәрбиесінің ұйытқысы. Оның тәлім-тәрбиесін көріп, тұлғалы деңгейге жетіп, тарихта есімі қалған ұлыларымыз көп-ақ. Зередей әжеден аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандарды тыңдап өскен Абай ұлы ақынға айналды. Былтыр Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған Әжелер алқасына 10 жыл толды.
Ұрпақ тәрбиесінде «айналайынымен» аялаған Әженің орны қашан да жоғары болғаны ақиқат. Өкінішке қарай, сонау өткен ғасырдың басындағы кеңестік идеология салдарынан ана әлдиі де, әже ертегісі де ұмыт қалды. Осы орайда Бауыржан Момышұлы: «Мен үш нәрседен қорқамын. Бірінші, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Екінші, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Үшінші, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын» деген екен. Қазақтың әрбір баласы ұлттық салт-жоралғыларын біліп өсуі керек. Сондықтан бала тәрбиесінде жіберіп алған осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2013 жылы 3 сәуірде сол кездегі Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан Әжелер алқасы құрылған болатын.
Әжелер алқасы осы уақытқа дейін 200-ден астам іс-шара өткізілді. «Аялы әже» номинациясымен өңіріміздегі 20-ға жуық әже марапатталды. Айта кетейік, пандемия кезінде әжелеріміз қатерге бас тігіп, мың-мыңдап бетперде тігіп таратты. Арыстағы жарылыс кезінде алғашқылардың қатарында азық-түлік пен киім-кешекке көмек қолын созды. Сонымен қатар, Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде де алдыңғы шепте жүрген осы әжелер болды. Қысқасы әжелеріміз салт-дәстүріміздің қайта жаңғыруына, ұрпағымыздың патриоттық сезімін оятуға және өзге дінге бет бұра бастаған жастарымызға тосқауыл жасауға өз септігін тигізуде.
Әжелер алқасы облысымыздың барлық аудан, қалаларында әжелер алқасы бар. Олар жоғарыда айтып өткендей іргелі істерге ұйытқы болып келеді. Ұлтымыздың болмысын сақтап қалу үшін аса маңызды миссияны атқарып жүрген әжелер алқасы он жылда «Анамнан қалған қолөнер», «Қыз көркі – мінезде», «Әже өсиеті – ұрпаққа үлгі, болашаққа бағдар» және т.б. тақырыптарда көптеген танымдық-тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырып, «Ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту арқылы жастарға тәрбие беру», «Әже – ұлт ұйытқысы», «Ұрпақ тәрбиесі – біздің болашағымыз» атты кітаптар мен буклеттер шығарылып таратты.
Өңіріміздегі асыл әжелеріміздің бойындағы өмірге деген шексіз белсенділік, ерік-жігер, асқан мейірімділік пен ұрпақ тәрбиесіндегі саналы мектебі көпке үлгі әрі өміршең болсын деген мақсатпен қазақи оюланған «Аялы әже» мүсін-таңбасы жасалынды.
— «Бұл мүсін-таңбаның мән-маңызын сараласақ, онда қос алақанның ортасында шашақты тұмар, аспан жұлдыздары бейнеленген. Тұмар – тіл-көзден сақтайтын қасиетті қазақи ұғым болса, шашақтары – ұлтымыздың өсіп-өнген ұрпағы. Жоғарыдағы жұлдыз аспанның ашықтығын, бейбітшілікті бейнелесе, жиегіндегі өрнегі ұлттық құндылығымыз – салт-дәстүрді айшықтайды. Ал, қос алақан – сол ұрпақты мейірім-махаббатымен, кемел кемеңгерлігімен, адастырмас ақылымен, ұлттың ұлық құндылықтарымен суғарылған тәрбие бесігіне бөлеп өсірген әженің аялы алақаны. Қасиетті таңба-мүсінді еліміздің барлық облыстары мен қалаларында қолма-қол эстафета ретінде таратуды іс жүзінде іске асыра отырып, жалғастыру ұсынылады», — дейді Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұл.
Былтыр Түркістан қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бала тәрбиесі – ең алдымен ата-ананың міндеті, ал, мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы» деген болатын. Өңіріміздегі Әжелер алқасы Мемлекет басшысы ерекше назар аударып отырған осы мәселені, яғни отбасындағы тәрбиені қоғамдық деңгейге көтеріп, үлкен істер атқарып отыр. Рыс Ташметова әжеміз соның бір дәлелі.