Әжелер алқасы тазалық жұмыстарға да белсенді түрде атсалысуда
Елімізде пандемия кезінде әжелеріміз өз бастарын қатер тігіп, мың-мыңдап бетперде тігіп таратқан болатын. Арыстағы жарылыс кезінде олар тұрғындарға алғашқылардың қатарында азық-түлік пен киім-кешек жеткізіп берді. Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезде де алдыңғы шепте жүрген осы әжелер болды. Жалпы салт-дәстүріміздің қайта жаңғыруына, ұрпағымыздың патриоттық сезімін оятуға және өзге дінге бет бұра бастаған жастарымызға тосқауыл жасауға да әжелеріміз өз септігін тигізіп келеді. Өткен жылы Әжелер алқасының құрылғанына 10 жыл толды. Осыған орай аймағымыздың барлық аудан, қалаларында танымдық-тәрбиелік тақырыптарда іс-шаралар өткізілді.
«Тәрбие – талбесіктен» демекші, өңіріміздегі әжелер алқасының мүшелері ең алдымен жаңа отау көтерген жастарды отбасылық өмірге бейімдеуден бастап, сол отбасында дүниеге келген сәбиді ізгілік пен ізеттілікке, еңбек пен бауырмалдыққа баулу, оның қоғам өміріне белсене атсалысатын елжанды азамат қалыптасуына көмектеседі. Әлі күнге дейін облыстағы іргелі істерге ұйытқы болып келе жатыр.
Мысалы ретінде жақында Түркістан қалалық ардагерлер ұйымының жанындағы Әжелер алқасы мүшелерінің «Таза Қазақстан» айдарымен өтіп жатқан экологиялық акцияға белсенді түрде атсалысқанын айтуға болады. Олар облыс орталығындағы Нәзір Төреқұлов көшесі мен оған жанама жолдардың бойлары және айналасын тұрмыстық қоқыс-қалдықтардан, су ағатын арықтарды шөп-шалам мен қураған ағаштар мен бұталардан тазалау жұмыстарын жүргізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арғана «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «…ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек, ұлттың жаңа санасын қалыптастыру, әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет» деп атап көрсетті. Ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастыруда, ата-бабалар аманаттарына адалдықтан айнымай алға апаруда, бала тәрбиесі және отбасы құндылықтарды, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды насихаттауда әжелердің орасан зор орны бар екені сөзсіз.