Қариясын сыйлаған елде қасиет бар
Ардагерлермен мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыру, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту мемлекетіміздің саясатының басым бағыттарының бірі. Осы ретте
Түркістанның зейнеткерлеріне, өмірлік қиын жағдайларға тап болған отбасыларға, жалпы қоғамның осал топтарындағы азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтер туралы толығырақ білу үшін «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-ға келіп жұмысымен танысқан едік.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.02.2021 жылғы «Аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын бекіту туралы, № 47 бұйрығына сәйкес өңірлерде «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарын ашу тапсырылған болатын. Осыған орай, Түркістан қаласы әкімдігінің 2021 жылы 13 желтоқсан күні №2224 «Әлеуметтік қызметтер орталығы» КММ -ны құру туралы қаулысы шықты. Осы құжат негізінде ашылған орталық 2022 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді екен. «Негізі, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы өз алдына, «Тең қоғам» бір бөлек жеке-жеке құрылым болу керек еді. Бірақ, біздер қаржыны үнемдеу үшін бір орталықтан шағын 2 сектор ретінде ашып, жұмысты бастадық. Кейін бұған қосымша зорлық-зомбылық мәселелерінің туындауына орай өмірлік қиын жағдайдағы адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсететін орталық құрылды. Сонымен біздің орталықтың құрамында 3 сектор: «Белсенді ұзақ өмір сүру» секторы – зейнет жасындағы азаматтарға, «Тең қоғам» секторы – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және «Қамқорлық» отбасын қолдау секторы өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға және зорлық зомбылық құрбандарына кешенді әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметін (8 түрлі әлеуметтік қызмет) көрсетеді», дейді, бізбен әңгімесінде Орталық директоры Гүлжамал Даханова.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының мақсаты – зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау. Белсенді қимыл-қозғалыс қабілетін сақтаған қарт адамдарға әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-білім беру, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-тұрмыстық және бос уақытты пайдалы өткізудің кешенін ұсыну, олардың белсенді өмір сүру салтын сақтау және дамыту.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» (алаңы 1172,4 м2, 28 штат бірлігімен жұмыс істейді , қуаттылығы айына 150-200 адамға есептелген). Орталықтың №1 филиалы «Бекзат» мөлтек ауданында сәуір айында ашылыпты. Филиал (алаңы 723м2, 14 штат бірлігі, қуаттылығы айына 100-120 адамға арналған).
Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 14 915 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Орталықта күнделікті 60-70 зейнеткер тиісті қызметтерін алып, бір айда 120- 150 адам қызметтермен қамтылады. Орталықта 7 бағыт бойынша қызметтер ұйымдастырылып (әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-ағартушылық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-демалыс). Бірінші бағыты – әлеуметтік –медициналық бағытта (медициналық емес) ем түрлері қолданады. Яғни, емдік жаттығу, профилактикалық массаж, тұзды шахта бөлмесі, фитотерапия қызметтері көрсетіледі. Арнайы ЛФК(жаттығу) кабинеті бар. Мұнда түрлі дене қозғалысына арналған жаттығу құрал-жабдығы: аяққа, табанға пайдалы массаж жасайтын жапондық аппарат қарттардың игілігіне берілген. Апта сайын дәрігермен кездесу ұйымдастырылады. Бір аптада терапевт-дәрігермен болса, келесіде лор, невропатологпен дегендей кездесіп жалпылама дәрігерлік кеңес беріледі. Жеке кеңес қажет болса оны тиісті дәрігерге бағыттайды. Орталық психологтары түрлі топтық ойындар, тренингтер өткізеді. Сонымен қатар, психологиялық сүйемелдеуге мұқтаж қарттармен жеке жұмыс жасап, қызмет көрсетеді. Әлеуметтік-еңбек бағыты бойынша еңбек терапиясы жолға қойылған. Орталық арнайы мамандарды шақырып зейнеткерлерге бисер тоқуды (ұлттық шапандар, камзолдарға жапсырылады), үйге және көшеге киюге арналған сүйретпелер тоқуды үйретеді екен. «Ұлттық нақыштағы тақиялар тігіп жүрген шеберлеріміз бар арасында. Оларға қажетті материалдарды (шикізатты) алдыртып, еңбекті ұйымдастырып береміз. Еңбек терапиясы да қарияларға қатты ұнап жатыр. Оларға қосымша табыс табуға мүмкіндік беріп, шабыттандыра түсуде. Алғашында дайын бұйымдарын үйдегілерге, туған-туысқанға бірсыпыра сатып біткесін, біз ол кісілердің өнімдерін сауда орындарына шығаруға көмектесіп жатырмыз. Еңбек терапиясы халқымызда баяғыдан бар: ұршығын қолына ұстап алып «абысынның хабарын білейінші» деп, әрі әңгіме-дүкен құрып, әрі тірліктен де қол үзбеген бұрынғы аналарымыздың дәстүрінің жалғасы деуге болады», дейді Орталық басшысы.
Орталықта жүйелі түрде әлеуметтік-мәдени қызмет көрсетіледі. Зейнеткерлерді концерт, кино, театрға алып барып, рухани, тарихи-мәдени орындарға, табиғат аясына саяхаттар ұйымдастырылып тұрады. Орталық басшысының айтуынша бұрындары қаланың Мәдениет бөліміне хат жазып, орталыққа концерт қоюды өтініп келсе, бүгінде концертті қызмет алушылардың өздері қоятын болған. Орталықта бірнеше шығармашылық топтар құрылуда. Хор ұжымы бар. Әжелер ансамблі құрылып, олар соңғы кезде қаланың іс-шараларына да белсенді қатысып жүргенін өзіміз де байқап жүрміз.
«Араларында ән айтатындар, би билейтіндер бар. Белгілі биші Ұлжан Мұстафаева ханым би үйірмесін жүргізеді. Биші әжелердің тобын құрып, сахнаға шығарып жүр. Би үйірмесіне қатысушыларды қабілеттеріне қарай бірнеше топқа бөліп, дайындайды. Барлығы бірдей биші болып кетпесе де би арқылы ішіндегісін шығарып, көңіл-күйін көтеріп, биді белсенді өмірге тартудың бір жолы ретінде қарастырамыз. Жалпы, тәртіп бойынша орталықтың қызметін әр зейнеткер 2 ай бойы пайдалана алады. Екі айдан соң келесі ағын (поток) келуі тиіс. Базбір қарияларымыз одан көп уақыт қатысады. Тіпті, үздіксіз қатысып келе жатқандар да бар арасында. Біз ешкімді кеудесінен итермейміз. Қарттарға қашанда есігіміз ашық. Бірақ келесі поток келгенде жаңа топ басты назарда, бұрынғы қатысушылар қосымша топта болады. Инсульт алған, әзер жүріп келгендер 2 айдан соң қимылдары ширап, таяқ сүйеніп келгендер таяқты тастап кетіп жатыр. Сондықтан бұл кісілердің біздің орталыққа деген қызғушылығы зор», — дейді Гүлжамал ханым.