Көлік жөндейтін келіншек

Алғашында жолдасының кәсібінің дөңгелеуіне қол ұшын созып, көмегін көрсетіп жүрген Анар Сейдалиева қазір өңірімізде көлік жөндейтін келіншекке айналған. Бүгінде ол өзі ешкімнің көмегінсіз көліктің кілтипатын көріп, ретке келтіріп беретіндей деңгейге жеткен жан. Жолдасына қолқанат болып жүріп, меңгеріп алған кәсіпті нәсіп етіп отырған келіншектің әуелде мұндай жұмыс істеуіне туған-туыстары қарсылық білдірген екен. Тіпті, жолдасының өзі де оның көлік жөндеумен айналысқанын қаламаған екен. Кейіннен желімдеу орталығына келіп, көлігін көрсеткен жүргізішулердің сүйген жарына деген алғысын көргенде келісімін беріпті. Қазір мұнда Анарды іздеп келушілер көп.

— «Мұндай жұмысты әйел адамның істегені ұят емес пе?» дегендер болды. Бірде жолдасым жоқ уақытта желімдеу орталығына жедел жәрдем келді. Өзі сондай асығыс болды. Дөңгелегі тесіліп қалып, ауруханаға жете алмай тұр екен. Содан маған қарсылық білдіруге, тіпті ойланып отыруға уақыт болмайды. Дерек қажетті заттарды қолыма алдым да көліктің дөңгелегін жамауға кірісіп кетті. Әп-сәтте жедел жәрдем көлігі жолға түсіп, зырылдап кете берді. Осыдан кейін бұл істің менің қолымнан келетініне көзім жетті, — дейді Анар Сейдалиева.

Желімдеу орталығы қазір Анар мен оның жолдасының отбасылық кәсібіне айналған. Кейіпкеріміз жолдасы үйде жоқ кезде келген көліктерді қабылдап алып, олардың мәселесін шешіп береді. Ол күніне шамамен 5-6 көліктің дөңгелегін ауыстырады екен.

— Алғашқыда орталыққа келген көлік жүргізушілері маған «Мына әйел адам көліктің дөңгелегін ауыстыра ала ма екен?» деген сұраулы көзбен қарайтын. Қазір олар менің істеген жұмысымды көріп, көліктерін «Жөндеп болғаннан кейін хабарын айтарсыз» деп тастап кете беретін дәрежеге жеткен. Мұның барлығы әрине талмай, тынбай еңбектенгеннің арқасы ғой. Жолдасым екеуміз осы кәсіптен нәпаға тауып, балаларымызды өсіп отырмыз, — дейді Анар Сейдалиева.

Айта кетейік, өңіріміздегі қыз-келіншектер отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар.  Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар  басшылық жасап жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *