Жұмысшы мамандықтарға сұраныс – ел болашағының берік кепілі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жаңғырту, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, өндіріс пен білімнің арасындағы байланысты нығайту мәселесіне баса назар аударып келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің индустриялық және әлеуметтік дамуы – нақты кәсіби дағдылары бар жас мамандардың даярлығына тікелей байланысты. Осы бағыттағы тапсырмалар мен бастамалар бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде жүйелі түрде іске асырылуда.Оның жарқын мысалы – Түркістан облысында өткен «Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» атты форум. Бұл іс-шара «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылып, техникалық және кәсіптік білім алып жатқан үздік студенттерді қолдауға арналды. Форум барысында әлеуметтік серіктестік негізінде бірнеше колледж студенттеріне тұрақты жұмысқа жолдамалар табысталды. Бұл – білім беру мен өндірістің арасындағы өзара байланыстың нақты нәтижесі. Мәселен, “Текстиль” ЖШС – Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен тігін кәсіпорнының өкілі, директор орынбасары Джуманова Альфия Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінің үздік 3 студентіне жұмыс ұсынды. Ал «Қазақстан темір жолы» АҚ-на қарасты «Арыс локомотив жөндеу депосы» ЖШС директорының бірінші орынбасары Керімбеков Марат №17 колледждің 3 студентін тұрақты жұмысқа қабылдайтынын мәлімдеді.Сондай-ақ, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ басқарма төрағасы Құдайбергенов Бауыржан Кентау политехникалық колледжінің 5 белсенді студентіне жолдама ұсынып, оларды еңбекке тартуға дайын екенін жеткізді. «Қалдыбай» шаруа қожалығының басшысы Құланбаев Әріпбай Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің 3 студентін аграрлық салада жұмысқа шақырды.Форум барысында айтылған басты мәселе – еңбек нарығының қазіргі жағдайы мен оған бейімделудің жолдары. Қазіргі таңда ел экономикасы жоғары білімнен гөрі нақты кәсіптік дағдыларға ие мамандарға зәру. Бұл сұранысқа жауап берудің тиімді тетігі – білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы әлеуметтік серіктестік. Жаңа форматтағы серіктестік студенттерге оқуды аяқтамай жатып, мамандығы бойынша тұрақты жұмыс табуға мүмкіндік береді. Бұл – Президент Тоқаев ұсынған «Күшті өңір – қуатты мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асып жатқан көрінісі.

Бүгінде Түркістан облысында кәсіптік білім берудің даму қарқыны жоғары. Облыс колледждерінде көптеген жас мамандар техникалық, ауыл шаруашылық, өндірістік, сервис салаларында білім алуда. Форумда ұсынылған жолдамалар мен ұсыныстар – бұл жас мамандарға берілген үлкен сенім мен нақты қолдау. Қорыта айтқанда, Түркістан өңірінде Мемлекет басшысы мен Үкіметтің бастамалары нақты нәтижесін беріп отыр. Білім беру мен өндірістің әріптестігі – елдің экономикалық ілгерілеуінің, жастардың кәсіби жол табуының және қоғамдағы әлеуметтік әділеттіліктің негізі. «Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» – бұл форумның ұраны ғана емес, болашақ Қазақстанды қалыптастыратын басты ұстаным.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *