Түркістанда салауатты өмір салты – басты назарда
«Дені сау ұлт – мықты мемлекет». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі спорт пен салауатты өмір салтын дамытуға қатысты нақты ұстанымы. Президент тапсырмасына сәйкес бүгінде өңірлерде бұқаралық спортты дамыту, дене шынықтырумен айналысуға қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл бағытта Түркістан қаласында да ауқымды жобалар іске асырылуда.
Қалада салауатты өмір салтын насихаттау мен спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында нақты істер қолға алынған. Биыл Түркістанда жаңадан 5 спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралау барысында мәлім етті. Атап айтқанда, шаһар басшысы Мұқағали Мақатаев көшесінде бой көтеріп жатқан жаңа спорт кешенінің құрылыс барысымен арнайы танысты.
Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Түркістан қаласы әкімдігінің Құрылыс бөлімінің тапсырысымен салынып жатқан кешеннің жалпы аумағы – 826 шаршы метр. Нысанның авторлық қадағалауын «Сәулет-2050» ЖШС, техникалық қадағалауын «ROYAL COMPANY» ЖШС жүзеге асыруда. Жоспарға сәйкес, құрылыс шілде айында аяқталып, тамыз-қыркүйек айларында ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
Қала әкімі құрылыс алаңында болған кезде мердігер мекемеге нақты тапсырмалар беріп, сапа мен мерзім талаптарының бұлжытпай орындалуы қажеттігін қатаң ескертті.
– Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Сондықтан спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы әрбір жоба – тек құрылыс нысаны ғана емес, болашақ ұрпақтың денсаулығына жасалған инвестиция деп қарауымыз керек, – деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Айта кету керек, қалада салынып жатқан 5 спорт кешенінің екеуі шілде айында пайдалануға берілсе, қалған үшеуі жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған.
Облыстық спорт басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Алмасбек Нақыпбековтің айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірдегі спорт нысандарының жағдайына кешенді мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде 108 жаңа спорт кешенін салу және 48 нысанды жөндеу қажеттілігі анықталған. Бүгінде облыс аумағында 3540 спорт нысаны тіркелген. Оның ішінде 2577 нысан – білім беру мекемелерінде, 543-і – жергілікті әкімдіктердің теңгерімінде, 270-і – жекеменшік иелікте, ал 150-і – спорт мекемелеріне тиесілі.
Жөндеуді қажет ететін нысандарға жыл сайын кезең-кезеңімен қаржы бөлінуде. Биылдың өзінде 14 спорт ғимаратына жөндеу жүргізу, сондай-ақ 51 жаңа спорт кешенінің құрылысын аяқтау жоспарға енгізілген.
Түркістандағы спорт инфрақұрылымын дамыту – елдің ертеңіне жасалған маңызды қадам. Бұл бастамалар бұқаралық спорттың дамуына серпін беріп қана қоймай, тұрғындардың денсаулығын нығайтуға бағытталған нақты іс-шаралармен ұштасып отыр.