Ащысайда жастардың тәрбиесі мен біліміне баса көңіл аударылған
Ащысай ауылы жыл сайынғы даму қарқынын үдетіп, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық салаларда тың серпінмен алға басып келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауылда атқарылған жұмыстар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, жастардың тәрбиесі мен білім алуына, денсаулығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылғанын көрсетеді.
Ауыл тұрғындарының мәдени тыныс-тіршілігін жандандыруда 400 орындық ауылдық клубтың маңызы зор. Мұнда атаулы күндерге арналған мерекелік шаралар мен концерттер тұрақты түрде өткізіледі. Сонымен қатар, жыл басынан бері ауылда футбол, волейбол және шахмат сияқты спорт түрлерінен 10 рет жарыс ұйымдастырылды. Ауыл жастарын салауатты өмір салтына баулу мақсатында футбол үйірмесі жұмыс істейді. Қазіргі таңда бұл үйірмеде 54 жасөспірім жаттығуда.
Мәдениет саласы тек спортпен шектелмейді. Ащысай ауылдық клубы жанынан «көркемсөз оқу» және «домбыра» үйірмелері жұмыс істеп, жастардың өнерге қызығушылығын арттыруда.
Ауыл жастары арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, экстремизм мен нашақорлыққа қарсы күрес бағытындағы іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Әлеуметтік желілер арқылы насихат жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп, жергілікті әкімдік өкілдері, мектеп мұғалімдері және учаскелік инспекторлардың қатысуымен рейдтік шаралар ұйымдастырылды.
Ащысай ауылы білім беру саласында да оң өзгерістермен ерекшеленуде. 2024 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) 22 оқушы қатысып, оның 13-і мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл – ауыл жастарының сапалы білім алып жатқанының жарқын көрінісі.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ауыл әкімдігінде «Сенім телефоны» мен «Сенім жәшігі» орнатылып, тұрғындармен ашық байланыс орнатылған.
