Сарыағаштың серпінді дамуы: Мемлекет басшысы тапсырмаларының нақты жүзеге асуы
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында елдің орнықты дамуы үшін өңірлердің экономикалық әлеуетін тиімді пайдаланудың маңыздылығын үнемі атап көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру, инвестициялық белсенділікті арттыру, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымдық салаларда нақты нәтиже беретін жобаларды жүзеге асыру жөнінде Үкімет пен әкімдерге нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл тапсырмалар бүгінде еліміздің барлық аймақтарында, соның ішінде Түркістан облысының Сарыағаш ауданында жүйелі түрде іске асып жатыр.2025 жылдың алғашқы бес айында Сарыағаш ауданында тіркелген әлеуметтік-экономикалық өсім осы бағыттағы жұмыстардың айқын көрінісі болып отыр. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың мәліметінше, есепті кезеңде аудандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 13 млрд 77,1 млн теңгені құраса, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 13 млрд 20,8 млн теңгеден асқан. Бұл көрсеткіштер Мемлекет басшысының экономикаға тікелей инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларының өңірлік деңгейде нақты орындалып жатқанын көрсетеді. Аудан басшысы атап өткендей, биыл Сарыағашта жалпы құны 5 млрд теңге болатын бес инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Аталған жобалардың нәтижесінде 145 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Бұл – экономикалық өсіммен қатар, жұмыссыздықты азайтуға бағытталған маңызды қадам.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ауыл шаруашылығы саласын дамытудың стратегиялық маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Оның тапсырмасы бойынша Үкімет фермерлерді қаржылай қолдау, субсидиялау жүйесін жетілдіру және ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмыстарын жалғастырып келеді. Осы мемлекеттік саясат аясында Сарыағаш ауданы да ауыл шаруашылығы саласын табысты дамытуда. Аудан бойынша 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 35 млрд 214,6 млн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,9%-ға артық. Аталған соманың ішінде мал шаруашылығына 11 млрд 648,8 млн теңге, ал егін шаруашылығына 23 млрд 565,8 млн теңге тиесілі. Биыл аудан аумағында 75,7 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Сонымен қатар, 797,2 гектарды құрайтын жылыжай кешендері жұмыс істеп тұр. Бұл — Сарыағаш өңірінің агроклиматтық әлеуетін тиімді пайдалану арқылы азық-түлік қауіпсіздігіне және экспорттық әлеуетке үлес қосып отырғанының дәлелі.
Президенттің өңірлік дамуға байланысты тағы бір маңызды бағыты — халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Бұл орайда тұрғын үймен қамту және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары ерекше назарда. Сарыағаш ауданында осы бағытта да оң өзгерістер бар. 2025 жылдың алғашқы бес айында ауданда 25 277 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, белгіленген жоспар 108,6%-ға орындалған. Бұл көрсеткіштер аудан халқының баспанаға қол жеткізу мүмкіндігінің артқанын және тұрғын үй құрылысының қарқынды жүріп жатқанын көрсетеді.
Үкімет тарапынан қабылданған «Қуатты өңір – қуатты ел» қағидасына сай, тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылым тарту мәселелері алдағы уақытта да басты назарда болады. Парламент пен Үкіметтің бұл бағыттағы бірлескен жұмысы — өңірлерде осындай жобалардың тиімді жүзеге асуына құқықтық, қаржылық және институционалдық негіз қалыптастырып отыр. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, инвестицияларды қорғау, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жаңғырту сияқты бастамалар заңнамалық және атқарушылық деңгейде нақты іс-шаралармен бекітілген. Сарыағаш ауданының көрсеткіштері осы жүйелі жұмыстардың нәтижесі екені анық. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестициялық жобалар мен тұрғын үй құрылысы секілді негізгі бағыттарда қол жеткізілген нәтижелер ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Алдағы уақытта да осы даму үрдісі жалғасып, Сарыағаш өңірі Түркістан облысының экономикалық локомотивтерінің біріне айналатынына сенім мол.