Түркістанда тазалыққа деген жауапкершілік артып келеді

«Экологиялық ахуалды жақсарту – ұлттық қауіпсіздік пен халық денсаулығының негізі. Бұл – мемлекет пен қоғам бірлесіп шешуге тиіс міндет». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында экология мәселесіне айрықша назар аударып, елімізде «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасын іске асыруды тапсырған болатын. Осы бастаманың аясында бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлерінде жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл бағыттағы шаралар Түркістан қаласында да қарқынды жүзеге асырылуда.

Жуырда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Түркістанда кезекті жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Қала аумағын абаттандыру мен санитарлық тазалықты сақтау мақсатын көздеген бұл шараға Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер мен 6 сектордың қызметкерлері, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департамент өкілдері белсенді түрде қатысты. Барлығы 800-ге жуық қала тұрғыны атсалысып, туған қаланың тазалығы үшін аянбай еңбек етті. Сонымен бірге 4 арнайы техника жұмылдырылып, сенбілік бірізді және ұйымдасқан түрде өтті.

Бұл жолғы сенбілік 1-2 мөлтек аудандарында өткізілді. Тазалық жұмыстары барысында аулалар мен жаяу жүргіншілер жолдары сыпырылып, қураған шөптер орылды. Қала тұрғындарының қолдауымен көпқабатты үйлердің жертөлелері тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, нәтижесінде 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Бұл – бір күндік жұмыстың емес, қоғам болып бірлескен еңбек пен жауапкершіліктің көрінісі.

Түркістан қаласы әкімдігі мен тиісті мекемелер тарапынан қоршаған ортаны қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту және санитарлық талаптарды сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл тек санитарлық шара емес, сонымен қатар тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға арналған маңызды қоғамдық бастама екені сөзсіз.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл облыс көлемінде ауқымды жұмыстар жоспарланған. Жалпы саны 7263 сенбілік өткізу көзделіп отыр. Бұл іске тұрғындармен қатар кәсіпкерлер де тартылып, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және дін саласына қарасты мекемелерде тазалық жұмыстары жанданып келеді. Сонымен қатар, аудан-қала әкімдіктері мен облыстық кірістер департаменті кәсіпкерлік нысандарының санитарлық жағдайына тұрақты бақылау орнатып, іргелес аумақтардың тазалығын қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыруда.

Мұнымен қатар, 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық тұжырымдамасы шеңберінде барлық сала бойынша жеке-жеке жол карталары әзірленген. Бұл – еліміздің экологиялық қауіпсіздігі мен табиғи байлығын сақтау жолындағы нақты әрі маңызды қадам. Қоғамның экологиялық санасын арттыру мақсатында «Telegram-бот» платформасы іске қосылып, азаматтардан түскен өтінімдер жедел қаралуда. Бүгінде тұрғындардан 885 өтінім түсіп, оның 866-сы орындалып, қалғандары орындалу үстінде.

Табиғатты аялау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы орайда Түркістанда бастау алған тазалық жұмыстары мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастамалар өңір халқының азаматтық белсенділігін арттырып, туған өлкені көркейтуге бағытталған жүйелі істерге ұласып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *