Атом электр станциясында пайдаланылған отын мүлде қалмауы да мүмкін
Бәрімізге белгілі 1986 жылы Чернобыль атом электр станциясында және 2011 жылы Фукусима-1 атом электр станциясында үлкен апат болды. Сондықтан, ел ішінде атом электр станциясының құрылысына алаңдаушылық білдірушілердің болуы заңды. Дегенмен, сала мамандары атом электр станциясын салуды мұндай қауіптің барлығы ескерілетінін алға тартып отыр. Былай қарап отырсақ, осынау апаттардың әсерінен атом энергетикасының қауіпсіздігі жаңа деңгейге көтерілді. III+ буын реакторларының конструкциясына қосымша қауіпсіздік мүмкіндіктері қосылды.
Атом электр станциясының табиғи апаттарға төтеп бере алуына АЭС операторларының Дүниежүзілік қауымдастығы жүйелі түрде мониторинг жүргізеді. Яғни, оның қауіпсіздігін отандық және шетелдік мамандар қадағалайды.
III буын реакторларының орташа жұмыс уақыты 60 жылға есептелген, дегенмен реакторлық корпусты толық жөндеу және ауыстыру арқылы пайдалану мерзімін 100 жылға дейін ұзартуы мүмкін. «Бастапқы лицензияның мерзімі аяқталғаннан кейін ядролық қондырғыларды ұзақ мерзімді пайдалану көптеген елдерде қалыпты жағдайға айналған» дейді мамандар. Айтайын дегеніміз, атом электр станцияларының ұзақ мерзімді жұмысы қоршаған ортаның ластануына жол бермейді.
Жоғарыда тілге тиек етіп өткеніміздей, ел тұрғындары радиациялық қауіпке алаңдаушылық білдіруде. Алайда, ғалымдар радиоактивті қалдықтардың шамамен 97 пайызы радиохимиялық көрсеткіштері бойынша төмен немесе өте төмен деңгейлі қалдықтарға жататынын айтады. Және атом электр станцияларының қалдықтарының көлемі басқа өнеркәсіп қалдықтарымен және одан да жоғары жылу электр станцияларының қалдықтарымен салыстырғанда аз. Атом электр станциясын пайдалану кезінде әрбір 1 ГВт орнатылған қуаттылыққа немесе 60 жыл жұмыс істегенде 3600 тоннаға жылына шамамен 50 текше метр радиоактивті қалдықтар түзіледі. Тұрғындар осы қауіпті радиоактивті қалдықтарды кәдеге жарату жағын көбірек сұрауда.
Шетелдік тәжірибеге назар аударсақ, Финляндияда жер асты ядролық қалдықтарын сақтау үшін геологиялық қойма салынуда. Яғни, қалдықтар 2120 жылға дейін жиналып, одан кейін 100 мың жыл сақталады. Ал, біздің елімізде жоғары деңгейдегі қалдықтар арнайы полигонға тасымалданатын болады. Ғалымдардың пайымдауынша, 10 жылдан кейін атом электр станциямыз салынған кезде технология жетілдіріліп, пайдаланылған отын мүлде қалмауы да мүмкін. Сондықтан, бұл жағына алаңдауға негіз жоқ дейді олар.
Оразбаева Ұлданай Ордабекқызы — Сайрам аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы