Түркістан облысында 8 медициналық нысан күрделі жөндеуден өткізілуде
Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау мақсатында Түркістан облысында да жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Қазіргі таңда облыста 8 медициналық ұйымның ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, Кентау қалалық орталық ауруханасы, Келес ауданындағы «Абай» ауруханасы және Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына қарасты Боралдай дәрігерлік амбулаториясын күрделі жөндеуден өткізетін мердігер компаниялар анықталып, келісімшарт түзілген.
Сонымен қатар, Сайрам аудандық орталық ауруханасын, Сайрам ауданындағы «Қарабұлақ» ауруханасын, Созақ аудандық орталық ауруханасын, Жетісай ауданындағы «Асықата» ауруханасын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленген.
Былтыр Жетісай аудандық орталық ауруханасында да күрделі жөндеу жұмыстары басталған еді. Бүгінгі таңда ол жұмыс толығымен аяқталып, қайта ашылған аурухана халыққа қызмет ете бастады. Ал, Сарыағаш аудандық орталық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары 90 пайызға орындалған.
Бұдан бұрын Сарыағаш, Жетісай, Сайрам және Ордабасы аудандық орталық ауруханаларының ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізіп, оларды заманауи медициналық техникамен жабдықтап, ауданаралық сауықтыру ауруханаларына айналдыру жоспарланған болатын. Оның ішінде Ордабасы аудандық орталық ауруханасы ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары 2022 жылы аяқталса, Жетісайдағы аурухананың жөндеу жұмыстары, жоғарыда айтқанымыздай, сәуір айында аяқталды. Ал, Сарыағаш аудандық ауруханасында жұмыс мамыр айының соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Сайрам аудандық орталық ауруханасы ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары биыл басталып, келесі жылы аяқталады деп күтілуде.