Түркістан облысында жұмыртқа шығаратын зауыт салынуда
Түркістан облысында жылына 200 млн дана жұмыртқа және құрама жем шығаратын зауыттар салынатын болады. Қазіргі таңда өңірде осы мақсатта Бәйдібек ауданында 100 гектар жер учаскесі қарастырылып, құжаттары рәсімделуде.
“ERNUR” ЖШС-нің жеке инвестициясына жүзеге асқалы отырған зауыттың құрылысы биыл басталады деп жоспарланып отыр. Ал, жобаның жалпы инвестициялық құны 8 млрд. теңгені құрайды.
Бүгінде құны 1,5 млрд. теңге болатын мал азығын шығаруға қажетті құрал-жабдықтар Түркиядан әкелінді. Аталған жабдықтардың көмегімен сағатына 20 мың кг жем өндіруге болады. Ал құс фермасы 600 мың басқа лайықталған. Онда жылына 200 млн дана жұмыртқа шығарылып, бірінші кезекте ішкі нарықты қамтымақ.Жалпы жоба толық қуатымен жүзеге асып, зауыттар іске қосылса 100-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады деп жоспарланған.
Реті келгенде айта кетейік, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтің баяндауынша, өткен жылдың ІІІ тоқсанындағы көрсеткіш бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 492 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар (451 млн. АҚШ доллары) артығымен орындалды. 12 айдың қорытындысы 530 млн. АҚШ доллары болады деп күтілуде.
Сонымен қатар, былтыр 126,9 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын, жалпы құны 3,3 трлн. теңгені құрайтын 173 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған.
Өткен жылы шетелдік және отандық компаниялармен 94-тен астам кездесу мен келіссөздер жүргізілді. Қытайға, Өзбекстан және Австралия елдеріне іссапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге 1 трлн. теңгеге жуық инвестиция құйылуда.