«Ақботаны аяқтан тұрғыздым. Соның өзі мен үшін үлкен жетістік!»
«Атамекен»ҰКП-ның жанынан Іскер әйелдер кеңесі 2015 жылы құрылған болатын. Шаттық Бекзатова сол жылы Сайрам ауданындағы іскер әйелдер кеңесіне төрайым болып тағайындалды. Орайы келгенде Шаттық Ақылбекқызын жақынырақ әңгімеге тартып, тілдескен болатынбыз.
— Шаттық апай алдымен іскер әйелдер кеңесі жайлы айтыңызшы. Оның міндеті мен мақсаты қандай?
— Іскер әйелдер кеңесінің міндеті әйел-кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін ынталандыру, әйелдердің жеке кәсіпкерлікке араласуын, олардың экономикалық бастамаларын қолдау және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту. Кеңес өз қызметін мынадай бағыттар бойынша іске асырады. Айталық, республикадағы шағын және орта бизнесті қаржыландыру жүйесі туралы ақпараттық-ағартушылық қызметті ұйымдастыру; жаңа бастаған әйел-кәсіпкерлерге ұйымдастырушылық, әдістемелік, консультациялық және ақпараттық қолдау көрсету; перспективалы бизнес-идеяларды, жобаларды қолдау; іскер әйелдердің экономикалық құзыреттілігін көтеру және олардың арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту; кәсіпқой әйел-кәсіпкерлердің өңірлерді, қалалар мен кәсіпорындарды экономикалық дамытудың ең тиімді тәсілдері бойынша тәжірибе алмасуын жолға қою; қазақстандық және шетелдік әйел-кәсіпкерлердің арасындағы сындарлы сұхбатты жолға қою, оның ішінде қазақстандық және шетелдік әйел-кәсіпкерлердің экономикалық әрі мәдени қарым-қатынас жасауы; шетелдік іскерлік орталарда еліміздің әйел-кәсіпкерлерінің оң имиджін қалыптастыру.
Аудандық іскер әйелдер кеңесіне 200-ге жуық іскер әйел мүшелікке енген. Оның 30-ға жуығын ірі кәсібі бар әйелдер құрайды. Олар кеңес құрамында өзге де кәсіпкерлерге кеңес беріп, тығыз байланыста жұмыс істейді. Былтыр облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Тулегенова ауданымызға келіп, іскер әйелдер кеңесінің жанынан «Жастар кеңесін» ашып, оның төрайымын тағайындап кетті. Бұл дегеніміз іскер әйелдер құрамындағы белсенді мүшелер ендігі жерге кәсіпкерлікке жастарды да тартып, оларға да көрсетіп, бағыт-бағдар беретін болады. Осылайша, жұмысымыздың ауқымы кеңейіп келеді. Біз өз тарапымыздан кәсіп бастап табыс табамын деген кез келген адамға кеңес беріп, мемлекет тарапынан қандай көмектер ала алатынын айтамыз. Ол үшін қандай мекемелерге барып, қандай құжаттар дайындау керектігін түсіндіреміз. Шағын және орта кәсіпкерлікке баулып, жол сілтейміз.
— Түсінікті. Ал, енді нақты бір келіншекке көрсетілген қолдауыңыз жайлы айтыңызшы. Мәселен, сіз кімді кәсіпкер ете алдыңыз?
— Осындай сұрақ келгенде көз алдыма бірден Ақбота елестейді. Жалпы мен көптеген келіншекке көмек қолын созып келемін. Қажетінше ақыл-кеңесімді айтамын. Ай сайын ауылдарға барып, іс-шара өткізгенімізде, көптеген тағдырларға куә боламыз. Соның ішінде Ақбота менің есімде неге мұншалықты сақталып қалды дейсіз. Соны айтайын. Ақтоба маған көмек сұрап келгенде үйсіз-күйсіз жүрген жас келіншек еді. Әрі көпбалалы ана болатын. Жолдасы мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, шамасы келгненше жұмыс істеп отбасын қатарынан кем етпейін дей алмады. Тағдыр шығар,и кім біледі?! Ақботаның құжаттарын дайындап, қайтарымсыз грант ұтып алуына жәрдемдестім. Ақботаның жобасы шынында жақсы еді. Комиссия мүшелері оның жобасын мақұлдап, оған грант тағайындады. 500 мың теңге болатын. Біз соған 5 ешкі сатып алдық. Ақтобаға өзімнің шаруашылығымның жанынан бір орын қарастырып берді. Ол сонда ешкілерін бағып, балаларын асырады. Сенесіз бе, бүгінде сол бес ешкі 5-6 сиырға айналды. Шын ниеттенген адам арманына жетеді. Ақбота жердің кезегіне тіркеліп, енді кезегін күтуде. Жер алып, үй салсам, баспаналы болсам дейді.
Ақтобаны көрген сайын өз-өзіме «Ақтобаны аяқтан тұрғыздым, менің бұл өмірдегі ең үлкен жетістігін осы» деп іштей марқайып отырамын. Екі-үш келіншекке наубайхана ашуына жәрдемдесіп едім, олар да бүгінде нан пісіріп, оны сатып, табыс тауып отыр. Әрине, кәсіппен айналысып, табыс табамын деген келіншектерге өте көп. Сондықтан, әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға мемлекет тарапынан барынша қолдау білдіру керек деп ойлаймын.
— Өзіңіз қайда оқыдыңыз? Мамандығыныңыз қандай?
— Құжат бойынша менің есімім – Шахтыгүл. Бала кезімнен мені бәрі Шаттық деп атап кеткен. Түлкібас ауданының табиғаты келіскен Келтемашат ауылдық округіне қарасты Кершетас ауылында дүниеге келгенмін. Аталған ауыл сонадайдан жолаушы көзіне бірден түсетін Бесжал тауына жақын жерге орын тепкен. Әкем Ақылбек Бекзатов – соғыс ардагері, ел басына күн туғанда майданға аттанып, оң қолының бес саусағынан түгелдей айрылып, мүгедек болып елге оралған кісі. Ол кезде ауылда жұмыс күшінің жетіспеушілігіне байланысты шаруашылықтың мал қорасына жұмысшы болып орналасады. Сонда ірі қараны бордақылап, ел дәулетін еселеуге атсалысты. Кішкентай кезімнен әкемнің жанында болып, бауырларыммен бірге оған көмектесетінбіз. Сөйтіп жүріп қара жұмыспен барлығымыздың қабырғамыз қатайып өсті. Бала болсақ та шалғыорақпен шөп шауып, қой қырқып, үйдегі 2 биемізді арқандап, баптап, оларды сауып, қымыз дайындайтын едік қой.
Анам мың ірі қара ұстайтын ірі сиыр фермасында еңбек етті. Сауыншы болды. Қарауында 35-40 сиыр бар еді. Осыншама сиырды таңертең және кешке қолмен саууды көзге елестетіп көріңізші! Айтуға оңай, ал, іс жүзінде машақаты бастан асатын ауыр еңбек қой бұл. Екінші жұмысы – құрылыс басындағы күзетшілік. Міне, осыншама жұмыстың бәрін ата-анамыз біздің ештеңеден тарықпай өсіп-өнуіміз үшін атқарды. Біздің шаңырақтағы бес қыз, екі ұл сол кездің өзінде-ақ еңбекпен шыңдалып жетілді. Бүгінде бауырларымның барлығы да жоғары лауазымды қызмет атқаруда.
Жалпы энергетика саласында 21 жыл жемісті еңбек еттім. 2000 жылы Шымкент қаласы, Абай аудандық әкімдігі әлеуметтік саласының бас маманы қызметіне шақырылдым. Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы қызметін осы жұмысыммен қатар атқардым. Одан кейін кәсіпкерлік саласында да бағымды сынап көрдім.
Орайы келгенде ол туралы да айта кетейін. 2004 жылы қайын енем құрған «Құрманәлі» шаруа қожалығында жұмыс істеп жүріп, бұл саланың тыныс-тіршілігінен біраз хабардар болдым. М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың кәсіпкерлік және серіктестік департаментінің 6 айлық курсын тәмамдадым. «Жұмыспен қамтудың 2020 – Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасынның да менің кәсіпкерлік саласында айымның оңынан тууына септігін тигізді. Мал бордақылау кәсібін егін өсіру шаруашылығымен ұштастырып, оның ауқымын кеңейтуді мақсат еттім. «Бекзатова» жеке кәсіпкерлігі мен «Құрманәлі» шаруа қожалығының басын біріктіріп, олардың уақыт талабымен үндесетіндей тірлік атқаруға бел будым. Қайын енем Ұлдықыз Жамалбекқызы кәсіпкерлік саласында менің жұлдызымды жақты десем де болады. Ол кісіге алғысым шексіз. 13 құрсақ көтерген ана келініне қолға алған тірліктің қыр-сырын жан-жақты үйретті. Содан болар, бүгінде сол алтын құрсақты ананың аманатын алып, оның үдесінен шығуға тырысып келемін.
2022 жылы Қазақстан Республисының «Құрметті азаматы» атандым. Бұл кұрмет менің еңбегімнің бағаланғаны шығар деймін. Отбасым жайлы да айта кетейін, менің Сейтбек есімді Құдай қосқан жолдасым бар. Көп балалы анамын. Алланың берген 2 ұлым мен 2 қызым бар. Бүгінде балаларымның бәрі де жоғары білімді. Үйді-жайлы болды. Перзенттерімнен 10 немере сүйіп отырған әжемін. Жақында 11 немеремді күтіп отырмыз. Бұл қуанышыммен де бөлісіп қояйын.
— Іскер әйелдер кеңесі қайырымдылық шараларға да белсенді түрде атсалысып келеді. Осы туралы да айта кетсеңіз…
— Біз қайырымдылықпен де айналысамыз. Мұнымен кеңесте Раушан Ерназарова айналысады. Мәселен, жаңа оқу жылы қарсаңында мектептерден хат келеді. Сол бойынша қазір 15 шақты балаға мектепке қажетті керек-жарақтарын, мектеп формасын алып берудеміз. Пандемия кезінде бетперде тігіп, тараттық. Одан бөлек еліміздің әр өңірінде болған төтенше жағдайларға, тасқын судан зардап шеккен аймақтар да аудандағы кәсіпкер әйелдер өздерінің көмектерін жіберуде. Жақында ғана біздің ауданнан ірі кәсіпкер Алмагүл ханым өз мекемесі «Айхан» ЖШС -нің атынан 2000000 ( екі миллионнан астам теңгеге) заттар алғанын айтты. Аллаға шүкір ауданымызда осындай нәзік жандыларымыздың барына. Алмагүл ханым көпке мақтанып айтарлық, үлгі етерлік азаматша.
— Әңгімеңізге көп рахмет! Ісіңіз алға баса берсін!