Түркістан облысында малазықтық дақылдарға басымдық берілуде
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 873,6 мың гектарға орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 3,4 мың гектарға артты (2023 ж. – 870,2 мың га).
Жыл сайын мал басының ұлғаюына орай, жем-шөпке сұраныстың артуына сәйкес, егіс құрылымын қалыптастыруда малазықтық дақылдарға басымдылық берілуде. Биыл малазықтық дақылдар өткен жылмен салыстырғанда 6,2 мың гектарға артып, 227,9 мың гектарға егілді. Бұл – жалпы егіс көлемінің 26 пайызы.
Агроқұрылымдарға мал азығы дақылдарын еккені үшін және мал шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар тұрақты көрсетілуде.
Оның ішінде жоңышқа, жүгеріге нақты сатып алған тұқымына, минералды тыңайтқыштарына және пестицидтердің шығын көлемдерінің 50 пайызына субсидия қаржысы төленеді.
Жеңілдетілген жанар-жағар май агроқұрылымдардың сұранысына сәйкес, 28,9 мың тоннаға қажеттілік анықталды. Оның ішінде мал азығын жинауға тауар өндірушілерден өтінім қабылданды. Бүгінгі күнге ақпараттық жүйе арқылы 9,3 мың тонна дизель отынына 2231 өтінімқанағаттандырылды. Жұмыстар жалғасуда. Биыл мал қыстату науқанына 4,0 млн. тонна ірі сояулы мал азығын дайындау жоспарлануда.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плаловтың мәлімдеуінше, биыл масақты дақылдардың егіс көлемі 7,8 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 4,2 мың гектарға, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 2,6 мың гектарға артса, сәйкесінше мақта дақылы 6,4 мың гектарға қысқартылып, 105 мың гектарға, майлы дақылдар 6,4 мың гектарға қысқартылып, 75,5 мың гектарға егіледі.
Айта кетейік, күздік егіс 201,7 мың гектарға егілген, егістің жағдайы жақсы, үстеп қоректендіру жұмыстары жүргізілуде. Жаздық дақылдар 29 мың гектарға егілді.