Әр ауыл – елдің айнасы: Түркістан өңіріндегі оң өзгерістер
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында еліміздің орнықты дамуы үшін аймақтық саясатты жетілдіру, өңірлердің инфрақұрылымдық және әлеуметтік әлеуетін арттыру міндеттерін айқындап келеді.
Президенттің «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидасына негізделген реформалары бүгінде Түркістан облысында нақты жүзеге асуда.Мәселен, биыл Арыс қаласында жүзеге асырылып жатқан құрылыс жұмыстары — Жолдауда айтылған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жарқын көрінісі. 600 орындық жаңа білім ұясы заманауи талаптарға сай салынуда. Екі спорт залы, кең кітапхана, зертханалар, пәндік кабинеттер мен коворкинг-аймақтары бар бұл мектеп жаңа оқу жылынан бастап шәкірттерге есігін айқара ашпақ. Мемлекет басшысы білім беру сапасын арттыруды әрқашан басты назарда ұстап келеді.
«Сапалы білім – ел болашағына салынған инвестиция» деп атап өткен Президент тапсырмасына сәйкес, бүгінде елімізде 800-ден астам мектептің құрылысы қолға алынған. Оның бір үлгісі — осы Арыстағы мектеп. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына берген қолдауын Түркістан өңірі тиімді пайдаланып отыр. Ақдала ауылында бой көтеріп жатқан жаңа спорт кешені – соның айғағы. Бұл – ауылдағы алғашқы спорттық нысан. Медициналық пункті, жуыну бөлмелері мен заманауи санитарлық жүйелері бар кешен 100-ден астам адамға бір мезетте қызмет көрсетуге қауқарлы. Ауыл жастары енді күрес, бокс, баскетбол, волейбол, үстел теннисі мен гимнастикамен айналыса алады. Бұл — салауатты ұрпақ тәрбиелеуге арналған нақты қадам.
Парламент пен Үкімет бастамаларын қолдау бағытында жеке инвестиция тарту мәселесі де жүйелі шешімін табуда. Арыс қаласындағы «Барыс» шағын ауданында жеке инвесторлар есебінен 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы ауданы 3348 шаршы метрді құрайтын бұл жобаның алғашқы кезеңі биыл аяқталады. Бұл Президент Жолдауында көтерілген тұрғын үй қолжетімділігін арттыруға бағытталған мақсаттардың нақты орындалып жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ, Түркістан облысында экологиялық және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары да жалғасуда. Мемлекет басшысы табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, қалаларды жайлы ету мәселесін үнемі күн тәртібінде ұстайды. Соның аясында Арыста ауыз су, жылу және жол жөндеу бағытында ауқымды жобалар іске асырылып жатыр.
Жалпы алғанда, Түркістан өңірінде Президенттің стратегиялық бастамалары мен Үкімет, Парламент шешімдері нақты іске асуда. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын арттыруға, өңірдің экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған. Әлеуметтік нысандармен қатар, өңірде кәсіпкерлікті дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысында шағын және орта бизнесті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындары құрылып, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік жасалуда. Бұл бастамалар Мемлекет басшысының әділетті экономика құру жөніндегі тапсырмаларын іске асырудың нақты тетігіне айналуда.