«Әзіз әкемді бала қиялыммен елестетіп өстім»

Шардара ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Жамал Төлешова апай өзінің әзіз әкесі жайлы әңгіме айтып беріп еді. Ұлы Отан соғысы басталғанша Алматы қаласындағы теміржол депосында қажырлы еңбек еткен әкесі Өтеген Иманбаев 1906 жылы Шамалғанда дүниеге келген екен. Ол кісі Қопа стансасының маңындағы Ащысу-Серектас деп аталатын бұлақтың бойын мекендеген Байғазы бидің ұрпағы Күлтай есімді бойжеткенмен отау құрады. Бір-бірін аса қатты құрметтеп, сыйластықта ғұмыр кешкен бұл отбасында Нұржамал, Нұрдәулет, Жамал есімді ұл-қыздар өмірге келеді. Алайда, тағдырдың жазуы сол екен, Нұрдәулет ұлдары небәрі 4 жасында қайтыс боп кетеді. Соғыс басталған кезде Өтеген ағамыз 35 жаста болған. 1941 жылы 9 қыркүйек күні әскерге аттанады. Бұл туралы Жамал апай былай деп еске алады:

–Анамның айтуы бойынша әкемді әскери комиссариат екі-үш мәрте шақырады. Әр кеткен сайын үй-ішімен қоштасып кетеді екен де, эшалон толмай қалған соң оларды үйлеріне қайтарып жібереді екен. Тағы бір шақырту келгенде «әй, бұ жолы да кете қоймаспыз, қайтып келем ғой» деп ойлаған әкелері ешкіммен қоштаспай әскери комиссариатқа аттаныпты да, сол барған бойда оларды пойызға тиеп ала жөнелген ғой. Осылайша, әкемнің кеткенін ешкім білмей де қалыпты. Ол кезде мен небәрі 2 айдан енді асқан шақалақ болған екем. Әкем мені «Жәмкөшім» деп еркелететін болыпты. Кейін өсіп, ес кірген соң анамнан күнде сұраймын ғой, әкем қандай адам болған деп. Сол кезде анам: «айнаның алдына барып қарашы» дейтін. Мен барып айнаға қарап тұрсам, «айнадан кімді көрдің?» деп сұрайтын. «Өзімді көрдім» десем, «міне, сенің әкең дәл сол айнадағы көріп тұрған адамыңа ұқсайтын еді» деп мейірлене жауап қайтаратын. Бұл сөзге мен «алақай, мен әкеме ұқсаған екенмін» деп қатты қуанғанмын. Сол өзім көріп-білмеген әзіз әкемді бала қиялыммен елестетіп өстім. Әскерге кеткен соң бір-ақ рет хат келеді де, содан қайтып дерек болмайды. Суретке де түсіп үлгермеген қайран әкемнің бейнесін батырларша елестетіп, талай түндерді ұйқысыз атырдым…

Өтеген Иманбаев алғашында Мәскеу қаласында аз-кем дайындықтан өтеді де тіке майдан даласына аттанады. Бой-сойы келіскен атпал азамат артиллерия полкына түсіп, зеңбірекші болып жаумен соғысыпты. Жаумен соғыса жүріп, отбасына хат жолдайды. Отбасындағы барлық адамдарды, жақын-жуық пен көрші-қолаңдардың атын түгел жазып, амандығын сұрайды да, ең соңында «еш алаңдамаңдар, себебі біз отанымызды қорғап жатырмыз, түбінде біз жеңеміз, әділдік біз жақта» деп жазған екен. Мұнан кейін хат-хабар кілт тоқтайды, алғашқы да, соңғы хаты да сол болыпты. Ал, жаңағы үшбұрыштап жазылған хат кешегі күнге дейін сарғайып, отбасының ең бір құнды дүниесі ретінде сақталып келді. 1942 жылдың шілдесінде Сталинград майданы қызып сала берді. Өлермендікпен ұмтылған жау жағы қаһарман қаланы алу үшін бар күшін салып-бақты. Күздің қара суығына дейін қаланың әрбір үйі мен шаршы метрін бір қадам да шегінбей қорғаған кеңестік жауынгерлердің арасында Өтеген Иманбаев та бар еді. Қаһармандықтың үлгісін көрсеткен кеңес жауынгерлері қараша айынан бастап қорғанысты қойып, тың күшпен шабуылға шыға бастайды. Өлім мен өмір айқасқан сол қанды қырғында біздің сарбаздар ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Кезекті бір шаубыл кезінде Өтеген Иманбаевқа оқ тиіп, қайтыс болады. Батырлықпен шайқаса жүріп, 36 жасында қаза табады. Бұл 1942 жылдың 23 қарашасы еді.

–Біздер әкеміздің қаза тапқанын естігеніміз жоқ. Әкеміз жауды жеңіп, ортамызға аман-есен оралады деумен жүрдік. Өмір-бақи жұмысшы болып қызмет істеген анам өз қолымен ұршықпен жіп иіріп, 100 қолғап пен 100 байпақ тоқып, майданға аттандырған екен. Ұрыс аяқталған соң зұлматтан аман қалған сарбаздар елге орала бастады. Біз күнде жолға шығып, әкемізді күтеміз. Сағынғаннан сарғайып жүргенде, 1949 жылы әкемнің немере інісі Тоқтасын көкем майданнан оралды. Ол кісілер Берлинге дейін соғысып барған да, кейіннен оларды тіке Жапониядағы соғысқа алып кеткен екен. Батыстан бері қозғалған состав бірнеше күн дегенде Қазақстан жеріне кіріп, одан Алматы арқылы ары қарай кете барған. Алматыға келіп, бірер минут аялдаған кезде Тоқтасын көкемдер сыртқа атып шығып, туған жердің ауасын көкірек кере жұтыпты да, қайтадан вагонға жармасып мініп, күншығысқа қарай аттанып кетіпті. Осылайша, екі бірдей соғысты көріп келген Тоқтасын көкемнің аман-есен оралғаны біздерді қатты қуантты. Бірер жылдан кейін ауылдың үлкен кісілері анамды әмеңгерлік жолмен Тоқтасын көкеме қоспақ болады. Алайда, анам байғұс азар да безер болып көнбей отырып алады. «Менің жарым әлі тірі, ол да бір күні майданнан оралады. Сіздер не деп отырсыздар»  дейді ғой. Сол кезде бір қария кісі әкемнің бұдан пәлен жыл бұрын қайтыс болғандығы туралы хатты шығарып, қаралы хабарды естірткен екен. Сөйтсек, әкемнің ерлікпен қаза тапқандығы туралы қара қағазды шиеттей бала-шағамен отырған менің анама айтуға жүректері дауаламай, көрсетпей сақтап келіпті, — дейді Жамал Өтегенқызы.

Тоқтасын Шаншаровпен отау құрған Күлтай апа Күлжамал, Ұлжан, Тұрсынкүл, Бәтима атты төрт қыз сүйеді. Әке орнын жоқтатпай барлығын да бауырына басып өсірген Тоқтасын көкелерін Жамал апайлар да қатты сыйлап өтті. Ол кісі соғыс салған жарадан, анығырағы өкпедегі снаряд жарықшағынан кетті. Сол жарықшақты алып тастайық деп дәрігерлер қанша үгіттегенімен «соғыстан бірге келген серігім ғой ол, өлсем өзіммен бірге ала кетемін» көнбеген екен. Ақыры сол снарядтың сынығын өзімен ала кетті.

Деректер бойынша Өтеген Иманбаевтың Волгоград облысы, Клет ауданындағы бауырластар зиратына жерленгені белгілі болды. Жамал апайдың ендігі арманы әке басына барып топырақ салып, тағзым ету.

–Ілгеріде өкіметтің жұмысы деп құнт қылмадық. Оның үстіне әкемнің інілері де бұл өмірден өтіп кетті. Үлкен әпкем Нұржамал кезінде сауда саласының үздік қызметкері болып еңбек етіп еді. Қазір жасы сексеннің бел ортасынан асты, қартайды ғой. Өзім 83-тен астым. Біраз бұрын денсаулығыма байланысты ем қабылдаумен болдым. Сталинград қырғынында ерлікпен қаза тапқан әке рухына тағзым ету – көңіл түкпіріндегі арманның бірі болып қалып бара жатыр, — дейді Жамал Өтегенқызы.

Бала кездегі арманы бойынша ұстаз болуды мақсат еткен Жамал Өтегенқызы Алматы қаласындағы №278 орта мектепті үздік бітірген соң бұрынғы Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түсті. Өмірлік жолдасы Пайызхан Төлешов ағамен шаңырақ көтеріп, Шардарада ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарды. Шардара орта мектебін ширек ғасырға жуық жемісті басқарып, сан мыңдаған шәкіртті үлкен өмірге түлетіп ұшырды. Шәкірт тәрбиесінен бөлек қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүретін Жамал Өтегенқызы аудандық мәслихаттың депутаты болды. Сексен жасқа дейін қаладағы Абай мөлтекауданының ауыл биі және аудандық ардагерлер Кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасының» төрайымы секілді қоғамдық жұмыстарды атқарып, халықпен тығыз жұмыс жасап келеі. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденін иеленді. Шардара ауданының Құрметті азаматы атанды. Қыздары Әлия мен Ақмарал ата-ана жолын қуып, мұғалімдік қызмет атқарса, ұлдары Асқар елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін салада жұмыс істеп келеді.

         Әділ ӘБДІРАМАНОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *