Түркістандық тұрғын Зүлфия Муминова Араб графикасында жазылған қолжазбаларды оқиды

Қ.А.Ясауи университеті, Түркология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Зүлфия Муминова Османлы дәуірінің қолжазбалары мен парсы, шағатай, араб тілдеріндегі мәтіндерді оқып, транслитерациясын жасаушы білікті маман.

Зульфияның сопылық бағыттағы 14 ғ. соңғы ширегінде жазылған «Алланы таныған жандар бақшасы» («Хадиқатул арифин») парсы-араб-шағатай тілдерінен транслитерациясын жасаған 280 беттік қолжазбасы баспаға беруге дайын құнды еңбектерінің бірі. Түркістан қаласы Ә.Науаи атындағы өзбек мектебін бітірген Зүлфия «Науаи ғазалдарын» мектеп кезден оқығандықтан, бұл еңбекпен айналысу аса қиынға соқпағанын айта келе, алғаш рет мәтінтануды 2005 жылы бастағанын, «маған мол сенім артып, осы еңбекпен айналысуыма септігін тигізген кісі – ол менің қолжазбадағы ұстазым теолог Досай Кенжетаев» дейді.

Сондай-ақ, Зульфия рухани ұстаз, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сәйден Жолдасбаев ағамыздың оның еңбек жолының қалыптасуына жол көрсеткенін мақтанышпен айтады. Ол кісі 2011 жылы Сығанақ қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде Саъдуддин Тафтазани заманында жазылған «Рисалат-ул тауарихи Булгария» (һижраның 958 жылы жазылған) атты құнды қолжазба еңбегін зерттеу ісін арнайы тапсырған болатын. Бұл жәдігер араб әрпінде, сулус стилінде жазылған. Кітаптың тілі шағатайша, парсы және түрік сөздері де кездеседі. Ал үшінші бөлімі толық араб тілінде жазылған. Автордың жазуына қарағанда кітап екі трактаттан тұрады. С.Жолдасбаев мәтінтаншуы маман ретінде бұрын берген қолжазбаларға қоса осы кітапты да оқу, қазақ тіліне аудару және ғылыми айналымға енгізу туралы бастама көтеріп, мәтіннің транслитерациясын жасап, қазақ тіліне аудару ісін Зульфияға тапсырған. Бұл еңбекте Әмір Темірдің тапсырысымен Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауидің кесенесінің құрылысына қатысты, бұрын еш жерде айтылмаған деректермен бірге географиялық жер, су атаулары, қалалар мен ауылдар, таулы және ашық жайлау аттары ұшырайды. «Ислам дінін үгіттеу үшін біздің аймаққа келген табиғиндер және табиғиндердің есімдері, қайтыс болғаннан кейін қай жерге жерленгендері туралы да хабар берілген. Яғни, Түркістанның рухани астана ретінде атын әлемге паш етіп отырған мына кезеңде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің салыну тарихына қатысты тың деректерді осы кітапта кездестіреміз. Кітаптың зерттеу жұмыстары жалғасуда» дейді бірсыпыра еңбегімен бөліскен Зүлфия.

Ал жақында зерттеушілер тобы, яғни Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұрлан Мансұров және Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері Сайпулла Моллақанағатұлы Қ.А.Ясауи өмірбаянын, мұраларын толығымен зерттеу, қолжазбалар көшірмелерін топтастыру, институтта Ясауи зерттеулері жайлы қолжазба базасын қалыптастыру, шығармалары мен ғибратты хикметтері жайлы материалдарды жинақтау және ізбасарлары мен тариқатына тиісті мәліметтерді қарастыру мақсатында Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында Ғылыми академия Абу Райхан Беруний атындағы Шығыстану институтына қарасты қолжазбалар қорына барып қайтты. Зерттеудің негізгі ғылыми бағыты «деректану» және «әулиелі жерлер» мен «рухани тұлғаларды» зерттеу болғандықтан, көптеген маңызды кездесулер ұйымдастырылғанын, Ясауи және Ясауи мұрасы кеңінен талқыланып, мол мәліметтерге кезіккенін ерекше тебіреніспен жеткізді.

Киелі орындарды зиярат ету мақсатында Ташкент қаласындағы Төлеби ата зиратына және Ташкент маңындағы Ясауи ізбасарларынан болған Ясауия шайхы Зәңгі ата кесенесіне, Шайхантахур елдімекенінде орналасқан Сүзүк ата кесенесіне зиярат жасағандарын, Сүзүк ата есімінің неліктен олай аталуы жайлы да қызықты әңгімесімен бөлісті.  Сүзүк ата ХІІ-ХІІІ ғғ. өмір сүрген, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қыздан туған немересі (жиені). Аты Мұстапақұл болған, кішкентайынан атасының жанынан шықпай, атасының алдына отырып, атасына сүйкеніп, басымен сүзгілеп отырады екен, атасы «сүзігім, сүзігім» деп еркелететін болған. Содан Сүзік ата аталып кеткен екен.

Сүзүк ата кешені Ташкенттегі көне махаллаларының бірінде орналасқан Сүзүк ата қабірінің негізінде құрылған. Кешенде Сүзүк ата кесенесі, Сүзүк ата мешіті және кіре берістегі басқарма ғимараты, кешеннің айналасында қолөнер шеберлеріне арналған ғимараттар орналасқан. Ол жерде бұрыннан келе жатқан ағаш ұсталары, тігіншілер т.б. қолөнер шеберлерінің дүкендері бар. Шебер кәсіпкерлердің мұнда орналасуының басты себебі Түркістаннан келген Сүзүк атаны пір тұтуларында. Таныстырушылардың айтуына қарағанда Сүзүк ата ағаш ұстасы болған және бүгінге дейін оның жолын ұстанушылар бар.

Абу Райхан Беруни атындағы Шығыстану институтына қарасты қолжазбалар қорының картотека бөлімінде деректерді іздеу және олармен танысу барысында Ясауи мұрасының кореялық, австралиялық мамандарды да қызықтырғаны, ерлі-зайыпты зерттеушілердің, тіпті аяғы ауыр әйелдің сонша жерден келіп, ізденіп, том-том кітаппен танысып, қызығушылық білдіргендері ерекше таңдандырды дейді Зүлфия.

Іс-сапар кезінде Беруни институтының қолжазбалар қорындағы атқарылған жұмыстардан мол әсер алған ізденуші Зүлфия алдағы уақытта ғылыми байланыстың жанданатынын, сондай-ақ сапар барысында анықтаған Ясауи мұрасына қатысты деректердің, қолжазбалардың көшірмесін алуға байланысты келіссөздер жүргізілгенін, алдағы уақытта орталықтандырылған электронды бағдарламаға қосылу мүмкіндіктері болатынын, тыңғылықты зерттеулердің толастамай жүргізілетінін қуана жеткізді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *