Өмірін көркем бояумен көрікті еткен Гүлмира
Кіндік қаны киелі Түркістанға тамған, №9- шы Некрасов атындағы жалпы орта мектебінің түлегі, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ- нің халықаралық қатынастар факультетін тәмәмдаған Гүлмира Пернетайқызы Италияның дизайн мектебінде білім алды. Көрген көріністерін қылқаламмен өрнектеуге асығып тұрады. Шет жерде, жырақта жүрсе де, табиғатына, болмысына біткен ой кеңістігі, білім тереңдігі, қоршаған орта мен айналадағы құбылысты ерекше қабылдауы, жан- дүниесіндегі арпалыстар мен тебіреністер тыныш жатқызбай, ақ қағазға, суретші полотносына сырлы сурет болып өрнектеле берді. Көрмеге қойылған әрбір туындыдан түркістандық қылқалам шеберінің бойына ұшқан ұядан, білім алған мектептен, өскен ортадан сіңген ұлттық дәстүріміздің иісі аңқып тұр десек артық айтпаспыз.Кез-келген шығармашылық туынды — автордың ішкі жан- дүниесінің айнасы. Суретшінің салған суреті арқылы оның өмірін, ұстанымын, пайым-сезімін айқын аңғарамыз. Гүлмира Пернетайқызының көрмесін аралай жүріп, көпшілік назарына ұсынылған картиналардан өмірге құштарлықты, туған жерге сағынышты,туған халқының салт-дәстүріне құрмет пен бағалауды, жалпы жан- жағына нұр шашқан, күндей жарқыраған ашықтықты, бүкпесіз ақ ниетті көрдік.
«Бүгінгі жобамда туған жеріме,Түркістан еліне, Түркістан жеріне деген сағынышымды туындым арқылы білдіргім келді. Осы жобаны басқа елдерге көрсетер алдында өз еліме, өз туған жеріме тағзым етіп, алдымен сіздерге көрсеткім келді. Бұл көрме бір аптадай тұрады. Келіп көрем деген қызығушылар болады деп ойлаймын. Бұған өте қуаныштымын. «Көре-көре көсем боласың»- демекші, қай жерде жүрсең де, туған жер есіңнен шықпайды екен. Жұмыс бабымен шетелдерде көп жүреміз. Сонда байқағаным, өз еліңнің құндылығын, бағасын сыртта жүргенде біледі екенсің. Жат жерде жүріп сағынады екенсің. Сол кезде мен өзімнің сезімдерімді қылқалам құдіреті арқылы осы туындыларыма түсірдім. Бұл менің ешқандай ережеге, ешқандай нұсқауларға бағынбайтын өзімнің ойым. Өзімнің толғанысым. Өзімнің тебіренісім. Туған жерімді сағынғанда салған суреттерім. Осы туындыларымды басқа елде де көрсетсем деген мақсатым бар. Қазақ халқының дәстүрлерін, кеңпейілділігін, қонақжайлылығын, ұлтымыздың салтын осы шығармашылық еңбектерім арқылы білдіргім келеді. Сондықтан да «Туған жерге тағзым» атты халықаралық жобамның тұсаукесер қадамын киелі Түркістан төрінде, қасиетті «Әзіреті Сұлтан» кесенесінің жанынан бастадым. Ендігі ойым, көп жылғы арманымдай болған осы жобаны ары қарай дамыта беру,халқымның інжу- маржан өнерін өзге елдерге де көрсетіп, насихаттау.
Негізі, суретке деген әуесқойлығым бала кезімнен пайда болды. Кез- келген жерде отыра қалып сурет салатынмын. Ал енді қазір шетелде жүргесін туған жерге деген сағынышым бұрынғыдан да артып, сурет салуды бұрынғыдан да көбейттім. Әкеле алмаған көп туындыларым Ливанда қалып кетті. Бейрут қаласында біраз уақыт жұмыс бабымен тұрған едік. Шамамен жүзден аса туындым бар. Бүгінгі көрмеме қырық жеті туындымды әкелдім . Бұйыртса, бұл дүниежүзілік жоба болайын деп тұр. Көптеген шетелдерге шақырту алдым. QR- код арқылы және онлайн көрмелер ұйымдастыруға да машықтанып жатырмын. Біздің халқымыздың салт- дәстүрлеріне , жалпы түркі әлемінің тарихы мен мәдениетіне қызығушылық басым,»- деді бізбен әңгімесінде бүкіл жан- дүниесі, жүрегі » туған жерім, халқым» — деп соққан суреткер ару.
Автордың өзі айтып өткеніндей, көрменің көш басында күн шапағының шұғыласына бөленген көрініспен байланыстыра салған Қ.А.Иасауи бабамыздың кесенесі мұнартады. «Бақуаттық сандығы», «Төрт көзің түгел болсын!», «Қошқар-ожау, пиала», «Жұлдызы жанған қыз» немесе «Бикеш» деген картиналардан қазақ халқының, туған жер — Түркістанның сипатын, көрінісін, автордың ішкі жан- дүние тебіренісін байқайсыз. Байқайсыз да, туған өлке, ата дәстүр, салт- санаға деген сезімнің ернеуінен асқан көл- көсір, кең дариялығына қайран қаласыз. Адамзат баласының бойына Жаратқан ием небір қасиеттерді сіңіргенмен, соның ең ұшқыры, таңдаулысы сыртқа жарып шығады екен. Гүлмираның жаратылысына осы дәйекті түйіннің қатысы бар секілді. Бала күнінде музыкаға құмартты. Фортепиано класына барып, оны игергеннен кейін тігіншілік пен дизайнға құштарлығы басталды. Абай атамыздың «Өнерді үйрен де жирен»- деген қағидасымен бұл өнерді де меңгеріп, қызығушылық танытып, әуесқой кәсіпке айналдырды. Негізгі мамандығы етіп халықаралық қатынастар саласын таңдады. Табандылығы, білімге құштарлығы бұл биікті бағындыруға да оң ықпалын тигізді. Бірақ, иә, бірақ, бәрібір суретшілік қасиеті алдыңғы қатарға шығып, өнбойында лықсып тұрған өнер жарыққа шықты. Шамшырақтай алға бастады. Міне, сол шамшырақты шырақ етіп, Әзіреті Сұлтан бабаның алдына келді. Тағзым етті. Үлкендердің батасын алды! Осы жетістіктің бәріне жетуде, ұшқан ұяның, отбасындағы тәрбиенің, бүкіл саналы ғұмырларын ұстаздық еңбекке, ұрпақ тәрбиесіне, қазақ руханиятының дамуына жұмсаған көзі ашық, көкірегі ояу Шәдікүл анасы мен Пернетай әкесінің арқасы. Досыбековтер отбасындағы алғашқы қағида- жан- дүние тазалығы, рухани байлық, терең білім Гүлмираға да тәрбиемен берілді десек артық айтқандық емес. Әкесі Пернетай Досыбекұлы құрметті еңбек демалысына шықса да, халқының намысын қорғап, ел тұлғаларын дәріптеуден шаршамай келеді. Қазақ халқының тарихи тұлғалары, атағы шыққан үш бидің бірі Қазыбек бидің ескерткішін орнату жолындағы жанкешті бейнетін көзімен көріп, терең ой түйген. Шәдікүл ана да қазақтың тілі мен әдебиетін жас ұрпаққа үйретуден жалықпаған жан. Олардың адамдармен қарым-қатынасы, өзара сыйластығы мен қонақжайлығы өз алдына бір төбе. Кешегі күні Өзбекстаннан шашбауын көтеріп келген он екі құрбысы Гүлмираның перзенттік бақытына, ата- анасының кең пейіл, дархан жүрегіне қызыға, тамсана қараған. Осындай ата- анадан туып өнерлі болмау мүмкін бе? «Қан тазалығы- тәңірден, ар тазалығы- тәрбиеден»- деп тегін айтылмаса керек. Қала берді, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан»- алтын ұя мектебі мен ұлағатты ұстаздарын қалай ұмытар? Ұстаздар шәкіртімен, шәкірті ұстаздарымен мақтанып, жүрекжарды тілектер айтылды. Не деген ғажап бұл өмір деген! Осындай әрбір бақытты сәт күш- қуат береді. Жаңа табыстарға бастайды. Өмірлік жары Рахымжан екеуі өсіріп отырған бес перзентіне де осындай ұстанымын айтып отырады. Қалай болғанда да , бұл бір ерекше шаттық сыйлаған, жаңа армандарға бастаған күн болды Гүлмира Пернетайқызы үшін.