Әйелдер қауымы онкологиялық аурулармен көп шағымданады –акушер-гинеколог Ғазиза Жорабекова
Осыдан бірер жыл алдын Шардара қаласындағы Өтеғұл елді мекенінде жекеменшік емдеу орталығы ашылған болатын. Жас маман дәрігер, акушер-гинеколог Ғазиза Жорабекова елді мекенде орналасқан дәріхананың ішінен бір бөлмені жалға алып, гинекологиялық ауруларды емдеуді бастап еді. Бізді қуантқаны, өз біліміне сенген жастардың батыл түрде кәсіпкерлікке қадам басып жатқаны болатын. Ғазиза қарындасымыз да өз білімі мен жігеріне сенген белсенді жас болып шықты.
Шардара қаласындағы А.Иманов атындағы жалпы орта мектептің түлегі Ғазиза Орынбасарқызы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетін «медицина ісі» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. 2014-2016 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясында «акушер-гинеколог» мамандығы бойынша интернатурадан өтеді. 2017 жылдан бастап
Шардара аудандық орталық ауруханасында дәрігер қызметін атқарды. Оқуды бітіріп келген жылы алты ай бойы Өтеғұл елдімекенінің емханасында гинеколог-дәрігер, бір жылға жуық орталық ауруханадағы «Әйелдер кеңесінде» акушер-гинеколог қызметін атқарды. Қызметін атқара жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан Ғазиза Орынбасарқызы 2017 жылы Шардара аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен «Жыл үздігі -2017» жастар сыйлығы байқауының «Үздік жас дәрігері» атанып, сол жылы облыстық «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған байқауда облыс бойынша да «Үздік жас дәрігер» атанып келді.
2018 жылы аудандық орталық ауруханадағы перзентхана бөліміне акушер-гинеколог дәрігер болып ауысады. Ұдайы ізденісте жүретін Ғазиза Орынбасарқызы қазіргі таңда медицинада жақсы дамып келе жатқан гинекология саласындағы жаңалықтарды іс жүзінде қолданып, науқастардың алғысына бөленіп отыр.
–Шардара аудандық орталық ауруханасында перзентхана бөлімінде жұмыс жасағанымда күніне 2-3 әйел түссе, соның екеуін өзім босандыруға тырысатынмын. Себебі, мен жас маман болғандықтан, өзіме тәжірибе жинау үшін көбірек босандыруға тырыстым. Оның үстіне біздің ауруханада тек бірінші дәрежелі, яғни дені сау әйелдер босанатын болғандықтан, адам аз болады. Біздің ауданымыз қаладан қашықтықта орналасқандықтан, операциямен босанатын әйелдер көбінесе Шымкент қаласына жіберіледі. Бірақ өзіміздің аудан орталығымызда Дәрменов Мейрамбек Икрамбекұлы деген өте білікті гинеколог дәрігер жұмыс жасайды. Ол кісіден көптеген тәжірибе жинадым. Маған қолдау білдіріп, операцияны өзім жасауыма сенім білдірген жан болды. Көптеген дәрігерлер жас мамандарға олай сенім білдіре бермейді. Мен өзімді жолы болғыш адамдардың қатарына жатқызамын, себебі білікті маманның қолдау көрсеткені адамның бойына сенімділікті ұялатады. Әлі де ұстаздарымның үмітін ақтаймын. Болашақта көптеген жоспарларым бар. Соның ішінде косметологиялық операция жасауды үйренсем деймін. Бізге гинекологияда операция жасайтын білікті мамандар жетіспегендіктен, мен өзімді сол жағынан дамытқым келеді. Сондықтан өз мамандығымның қыр-сырын жан-жақты зерттеп, адамдарды нәтижелі емдегім келеді. Медицина күн сайын дамып өзгергендіктен, біз де ұдайы ізденісте болуымыз қажет. Алдағы уақытта оқуымды да жалғастырып, ғылыммен де айналысу ойымда бар, – дейді Ғазиза.
–Дәрігер мамандығын таңдауға не себеп болды? – деп сұрадық.
–Жетінші сыныпта сабағымызға «Биология» пәні қосылғаннан кейін, мен болашақта дәрігер болсам деп армандай бастадым. Сол кезде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Ынтықбаева Айнұр апай сабақ беретін. Ол кісі сабақпен қатар бізді қосымша көптеген дүниелермен таныстырып, психологияға қатысты әңгімелер айтып беретін. Мен сол кісінің сабағы арқылы армандауды үйрендім. Енді, біздің оқушы кезімізде интернет қазіргідей қатты дамымады ғой. Кітапханаға барып керек емес газеттерді ақтарып, өзім оқыған С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің суретін қиып алып, оған өзімнің суретімді жабыстырып қоятынмын. Оны жастығымның астына қойып, солай ұйықтайтынмын. Міне, ол мен үшін үлкен мотивация болды. Одан кейін Жансұлу апаймен бірлесіп, биология пәнінен «Бал және оның пайдасы» деген тақырыпта ғылыми жұмыс жаздық. Осы ғылыми жұмыс арқылы аудандық, облыстық сайыстарда жүлделі орын алдым. Балқия атты ұстазымның да сабағы қатты ұнайтын. 2008 жылы аудан бойынша 25 оқушыға Астана қаласына қыдыруға тегін жолдама беріліп, біздің мектептен мен барып келдім. Сол кезде бізді Ақордаға кіргізіп, аралатқан еді. Мен сонда «Денсаулық министрі» боламын деп армандаған болатынмын. Сол арманым орындалды. Жаны қиналып тұрған адамға қуаныш сыйлау үлкен бақыт деп санаймын. Сол себепті ақ халат киіп жүргенімді мақтан тұтамын, – дейді акушер-гинеколог дәрігер.
–Қазіргі таңда әйелдер қауымын қандай аурулар жиі мазалайды және оның алдын алу жолдары қандай деп айтар едің? – деген сауалымызға да жас маман тұщымды жауап қайтарды.
– Әйелдер қауымы көбінесе қынап мойнының таттануы (эрозия), жыныс жолдарының қабынуы, созылмалы жыныс жолдарының аурулары секілді кеселдермен және онкологиялық аурулармен көп шағымданады. Сонымен қоса белсіздік те кездеседі. Белсіздік тек әйелдерден ғана болмайтынын қазіргі уақытта жақсы білеміз. Оның басым бөлігі ең бірінші гигиеналық тазалық сақтамаудан болады. Онымен қоса әйел адамдар тұрмысқа шыққаннан кейін жылына бір, немес екі рет гинекологиялық орындықта қаралып тұруы керек. Әйелмен қатар ер азаматтар да тазалық сақтағаны дұрыс. Қалалық жерлерде гинекологқа көріну қалыпты жағдай болып келеді. Ал, ауылдық жерлерде бұлай көрінуге ұялатыны бар, әлі дәрігерге дұрыс қаралмайды. Қиын жағдайларға тап болмас үшін тұрмысқа шыққаннан кейін жыныстық қатынаста қалыпты болу, әйелдердің өмірге бала әкелуі, бала өмірге келген соң оны емізу де көптеген аурулардың алдын алады. Қазіргі таңда тұтынатын тағамдарымыздың өзі зиян болып кетті ғой. Мысалы, газдалған сусындар, «кириешки», «чипсы» деп жатамыз, оның барлығы жасөспірімдерге өте зиян. Бұл тағамдарды көп тұтынуға болмайды, Оның үстіне қазір көп қимылдамаудың да зияны жетерлік, – дейді Ғазиза Орынбасарқызы.
Дәрігерлік мамандықты таңдау адамзат баласына үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі, дәрігер маман адам анатомиясын өте терең білуімен қатар, кез-келген жағдайдағы науқастан жиіркенбейтін, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, сонымен бірге науқас адамдарға бар мейірімін төге білетін жан болуы керек. Біз Ғазизаның бойынан осындай қасиеттердің табылатынына күмәніміз жоқ.