Көпұлтты әулеттің келіні
Шардаралықтарға Шералиевтер әулеті жақсы таныс. Тәжік ұлтының өкілдері болса да ежелден қазақтармен етене араласып, шағалалы өңірге тастай батып, судай сіңіп кеткен. Шералы, Ибадулла есімді ағайынды азаматтар Өзбекстан жақтан 1932 жылдары Шардара өңіріне қоныс аударып келіпті. Өзі ат құлағында ойнайтын шабандоз, ақкөңіл азамат болғандықтан Шералы ақсақал жергілікті халықпен тонның ішкі бауындай біте қайнасып кетеді. Перзенттерінің атын да Қалдығыз және Қазақбай деп қойыпты. Қазақбай ағамыз ержеткен соң Қоссейіт ауылына қоныс аударып, осында пошта байланыс торабының басшысы, сауда орындарының меңгерушісі қызметтерін атқарады. Өмірлік зайыбы Әлия Нұралықызы екеуі дүниеге 12 перзент әкеліпті. Осы әулеттің тұңғыш перзенті Асқар Шералиев ағамыз бүгінде ауған соғысы ардагерлері жанынан ашылған әскери-патриоттық клубына жетекшілік ажсайды. Қоғам жұмысына белсене араласып, игі істердің ұйытқысы болып жүретін Асекеңнің жұмыстары туралы көп жазғанбыз. Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміз – ағамыздың жұбайы Ирина Шералиева. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Ира апайды әріптестері де, шәкірттері де зор құрмет тұтады.
-Жас кезімде Қазақстанды тек картадан ғана танып-білуші едім. Дәм-тұз деген осы екен, 1988 жылы Шардара ауданына келін болып түстім. Осы топырақта тамыр жайып, ұрпақ өсіріп, дос-жаран арттырып отырғандықтан Қызылдың құмы мен үшін киелі мекенге айналды, — дейді Ирина Рашидқызы.
Ирина Рашидқызының туып-өскен жері Тәжікстанның бұрынғы Ленинабад облысындағы Канибадам қаласы. Әкесі Рашид Душанбедегі техникалық университетте профессор ғалым болып қызмет атқарса, анасы Людмила қаржы саласында экономист болып жұмыс істеген екен. Зиялы қауымның отбасында тәрбиеленген перзенттерінің бәрі де жоғары білім алып, түрлі салада қызмет атқарады. Үлкен қызы Нина Душанбе қаласында музыка пәнінің маманы болып еңбек етті. Кіші қызы Лиля Мәскеу мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша бітіріп, бүгінде Ростов облысында жұмыс істейді. Ортаншы қыздары Ирина алдымен Канибадамдағы педагогикалық училищеде, кейіннен Душанбедегі педагогикалық институтта жоғары білім алады. Міне, осы оқуға түскенде шардаралық Асқар Шералиевпен танысады. Иснтитут қабырғасында бірге оқитын екі жастың таныстығы сыйластыққа, одан әрі нәзік сезімге ұласып, оқу бітірген соң өз алдарына шаңырақ құрады.
-Білдей профессордың алақанда әлпештеп өсірген ару қызы шалғайдағы Шардара жеріне келгенде қандай әсерде болды екен? – дейміз Ира апайға қарап.
-Ой, несін айтасыз, менің туған жерім мен бұл жақтың айырмасы аспан мен жердей болды ғой, — дейді атамекенін сағынышпен еске алған апайымыз. –Канибадам қаласы ескіден келе жатқан көне шаһар. Бау-бақшалы, жазиралы мекенде өмір сүруге қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Бұрынғы «Восход» кеңшарына келін болып келдім. Шаңы бұрқырап, масасы дуылдап жатқан ауыл екен. Тағы мен түскен үй ауылдағы ең көпбалалы үлкен шаңырақтың бірі. Жұмыстың бәрі қолмен атқарылатындықтан кешке қарай шаршап, сүріне-қабына құлайсың. Оған мектептің жұмысын қосыңыз. Өмірімде істеп көрмеген сиыр сауудан бастап, тандырға нан жабу, үлкен қазанға тамақ істеу, кетпен шабу, кең ауланы сыпыру деген сияқты ауылдың күнделікті күйбең тірлігіне ақырындап үйреніп кеттім. Ата-енем алтын адамдар болды. Енем марқұм білмегенімді жай сөзбен ұғындырып, қаймағы бұзылмаған қазақы ауылға келін болудың қыр-сырын үйретіп берді десем болады. Бірақ, ауылдың жағдайын әу баста жолдасым тәптіштеп түсіндіріп, сырттай таныстырып қойғандықтан, қандай қиындық болсын соған іштей дайындалып келгенмін. Ал, менің жаныма жігер берген ең басты күш – Асекең екеуіміздің бір-бірімізге деген шынайы махаббатымыз еді. Мұндай асыл сезім кез келген асуды бағындыратынына күмәнім жоқ…
Ирина Рашидқызының Шардарадағы ұстаздық өмірі Қоссейіт ауылындағы «Сырдария» орта мектебінде басталып, одан аудан орталығындағы Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебінде жалғасты. Зейнет демалысына шыққан соң балаларды тереңдетіп оқытатын жекеменшік үлгідегі «Ай-білім» орталығы аттай қалап, өздеріне мұғалім етіп алады.Тәжікстанда мектеп-интернатта екі жыл орыс тілі мен әдебиетінен дәріс берген Ирина Рашидқызының жалпы ұстаздық өтілі бүгінде 40 жылды құрайды екен. Өз мамандығын жанындай сүйіп, педагог атына кір келтірмей келе жатқан ұлағатты ұстазға жұртшылықтың да ықылас-пейілі ерекше ыстық. Аудандық білім бөлімінің әдіскері, ағарту саласында ұзақы жылдан бері тер төгіп келе жатқан Қалбибі Жәутікова Ирина Шералиеваны педагог деген атқа нағыз лайық маман деп санайды.
— Орыс тілі пәнінің әдіскері болғандықтан Ирина Шералиевамен тікелей жұмыс жасап келемін. Оған да 30 жылдан асыпты. Жас болса да орыс тілі мен әдебиетінің білікті маманы ретінде айналасына тез таныла бастады. Мектепте орыс тілі бірлестігіне жетекшілік жасайтын Ирина Рашидқызы үнемі ізденісте жүретін іскер жан. Өткен жылдары Абайдың 175 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті емес пе. Сол кезде Ирина Шералиева Абайдың әндері мен қара сөздерін орысша-қазақша жатқа айтып, арнайы ролик жасады. Бұл еңбегіне облыста жақсы баға еріп жатты. Әріптесімнің ұзақ жылғы жемісті еңбегіне «Жаңашыл ұстаз» деген медаль берілді. 60 жастан асып кетсе де біздің Ира әлі жап-жас, — дейді Қалбибі Жәутікова.
Ира апаймен бірге қызмет атқаратын мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Нұралы Балғаев сонымен қатар құдайы қоңсысы да.
-Ираның білікті мұғалім болуы өз алдына, жаны жайсаң, қолы ашық көрші ретінде де қатты қадірлейміз. Үйіне кез келген уақытта өзімсініп кіріп бара береміз. Бәз-баяғыша жаюлы дастарханымен, аппақ пейілімен күтіп алудан танған емес. Жиын-тойда, басқа да іс-шараларда бірге жұмылып, жұмыс жасаап келеміз, — дейді Нұрекең.
Шералиевтер әулетін көп ұлттың өкілдері бас қосқан достықтың шаңырағы деп айтсақ жарасады. Бұл әулетте түрлі этнос өкілдері бір-бірімен мың жылдық құда болып жатады.
-Біздің Асекең үйдің тұңғышы дедім ғой. Менен кейінгі қайныларымның бірі тәжіктен, бірі ұйғырдан, бірі өзбектен келін түсірді. Ең кіші қайным Мақсат Балжан есімді Алматының қазақ қызына үйленді. Өзімнің үлкен қызым Зарина да түрік жігітіне тұрмысқа шыққан, қазір Түркияда тұрады. Ортаншы қызым Карина өзбек азаматына, кші қызым Зебениссо қазақ жігіті Елдарға тұрмысқа шықты. Сол үш қызымнан 8 немере сүйіп отырмыз. Үйге қай құда келсе сол елдің ұлттық тамағын әзірлеймін. Өзіміздің тәжік халқының арасына тәтті қаймақ жағып дайындайтын құртоб тағамынан бастап, ет асу, палау, мампар, шурпа сияқты тағамдар дастарханда тұрады. Жалпы кім болса ол болсын, ақ ниетпен біздің үйге келген адамға құшағымыз ашық, қазанымыз асулы. Мынау аласапыран заманда адамға ең біріншгі керегі татулық пен тыныштық екеніне бүгінде бәріміздің көзіміз жетіп отыр. Ұлтқа, нәсілге бөлінбестен, бір үйдің баласындай өмір сүргенге не жетсін, — дейді Ирина Шералиева.
Иә, бірліктің арқасында берекесі артып отырған әулеттің жарасымды тірлігі көпке үлгі болса керекті.
Әділ ӘБДІРАМАНОВ, Шардара ауданы